"Бір ай бұрын салдырған": министрлік вакцинадан соң қолы құрысып қалған қыз туралы айтты

0
478

​Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі желіде видеосы тараған науқастың вакцина салдырған соң бір айдан кейін ауруханаға түскеніне назар аударды.


ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде Алматыда қолы құрысып ауруханаға түскен қыздың видеосы тарады. Ол өзінің жағдайын коронавирусқа қарсы вакцинамен байланыстырған еді. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі науқастың мұндай жағдайға түсуіне не себеп болуы мүмкін екенін айтты, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева желіде видеосы тараған науқастың вакцина салдырған соң бір айдан кейін ауруханаға түскеніне назар аударды.




"Вакцина алдында қандай да бір медициналық кері көрсеткіштер болмаса ғана екпе егіледі. Вакцина салдырған соң 30 минут дәрігерлердің бақылауында болады. Қазақстанда салынып жатқан вакцинадан кейін қандай да бір жанама әсер 3 күн ішінде байқалуы керек. Ал дәл қазір біз өзінің денсаулық жағдайын бір ай бұрын салынған вакцинамен байланыстырып отырғанын азаматтың хабарламасын көріп отырмыз. Сондықтан дәл қазір жағдайға мұқият зерттеу жүріп жатыр. Тексеру жұмыстарының нәтижесімен Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы таныстырады. Қазір ол кісінің жағдайы тұрақты деп айтуға болады", - деді Қуатбаева.

Бұл пікірді Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ләззат Ералиева да қостады. Сондай-ақ құрысуға қандай да бір күйзеліс немесе қандай да бір дәріні қолдану себеп болуы мүмкін екенін айтты.

"Тірі вакцина кезінде қандай да бір жанама әсер вакцина салған соң 5-15 күн аралығында байқалады. Ал дәл қазір Қазақстанда салынып жатқан вакцина тірі саналмайды. Қандай да бір жанама әсер алғашқы үш күнде байқалады. Алматы емханасында болған нақты жағдайды алып қарасақ, вакцина салдыру мен құрысу болғанға дейінгі аралықта не болғанына назар аудару керек", - деді ол.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде қолы құрысып ауруханаға түскен қыздың видеосы тарады. Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев мұндай жағдайдың тіркелгенін, мұның вакцинаға қатысы бар-жоғы анықталатынын айтты. Себебі ауруханаға түскен қыз вакцинаны 29 сәуірде салдырған. Ал желіде видео мамырдың аяғында пайда болды.