Хатира анасы мен кішкентай қызының асыраушысы.
ERNUR.KZ. Алматыда бір аяғынан айырылған ана такси жүргізіп, бүтін бір отбасын асырып отыр. Күнкөрістің қамымен протезге қарамай тіршілік етіп жүрген Хатира Сайдахметова үш жылдан бері қаражатты осылай тауып жүр. Бұл күнде тұрақты жұмысына айналған. Протезбен жүрсе де тауы шағылып, өмірден баз кешіп кетпеген қайсар жан жайлы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Бұл күнде жер ортасы 50 жасқа келген Хатира Сайдахметованың тағдыр жолы ауыр. 1996 жылы Өзбекстанда кәсіппен айналысып жүріп пойыздың астына құлап кетіп, бір аяғынан айырылыпты. Содан бері протезбен жүреді. Алайда, өмірін күрт өзгерткен сынаққа сынбаған, мұңға беріліп мойымаған. Қанша қиын болса да жігерін жинап, тіршілік үшін күресін бастаған. Қазақстанға 2006 жылы отбасымен көшіп келген Хатира, алғашында тігін машинесіне отырған екен.
"Тігінші-моторшы болып істегенмін. Істеп жүргенде айлығымды бір беріп, бір бермейтін. Ақша керек, азық-түлік алу керек", - дейді такси жүргізушісі Хатира Сайдахметова.
Жырымдалған жалақы, күнкөрістің төмендеуі оның жанына қатты батыпты. Содан кецін тауық пісіріп сатуға кірісіпті. Таң атпай керек-жарақты базардан алып, жалға алған орнына апарып сату нағыз қиын кезеңдердің бірі деп еске алады. Ол уақытта өзінің көлігі болса да ақша тек күніне қанша тауықтың сатылуымен ғана есептеліп жүріпті. "Бірде жол-жөнекей жеткізген жолаушы жігіттің әңгімесі ойымды мүлде басқа арнаға бұрды" дейді.
«Регистрация жасасаңыз, мың теңге береді демейді ме. Жаңағы мың теңгесіне қызығып, мың теңгені алып аламын деп ойладым. Содан кейін бер, бер телефонын регистрация жасап мың теңгені алайын десем ала алмаймын. Жүруің керексің сен дейді», - дейді такси жүргізушісі Хатира Сайдахметова.
Осыдан кейін мың теңге табуды мақсат еткен Хатира көлігімен әр сенбі, жексенбі сайын халыққа қызмет көрсетуге шыққан. Ұялы телефондағы бағдарламада карта болғандықтан, қатты бір қиынға соқпапты. Қаражаттан қысылмай, жайлы өмірі басталған ол ақыры осы кәсіпке толық бет бұрыпты. Алайда, өзінің көлігі жүруге жарамай қалғандықтан, теңгесін беріп көлікті жалға алған. Бірақ қалтасына түсетін ақша да біршама кеміпті.
«Машинаның арендесы бар. Бензин төлеймін сонымен өзіме екі жарым, үш мың кейде мереке күндері 5000 ға дейін қалады өзіме, - дейді такси жүргізушісі Хатира Сайдахметова.
Хатира қала маңайындағы ауылдардың бірінде тұрады. Үйінде анасы мен кішкентай қызының асыраушысы. Қызы мектепке кеткенде, анасын қарап отырады екен. Ал, түс ауа көлігіне мініп күнделікті жұмысына аттанады. Аяққа түсетін ауырлық болмағандықтан, мұндай жұмыс аса қиын емес дейді.
«Менің жағдайыма қарағанда бұл жұмыс мен үшін ауыр емес. Себебі, физикалық жұмыс жоқ. Отырасың жұмыс қиын емес», - дейді такси жүргізушісі Хатира Сайдахметова.
Жолаушыларды тасымалдау кезінде Хатира түрлі адаммен жолығып, тіледеседі. Олардың арасында әртүрлі мінездегілері де бар дейді. Алайда, нәзік жанды рөлден көрген кезде олардың сәл де болса мейірімділік танытанын жеткізді. Бұдан бөлек пандемия кезінде такси жүргізіп нәпақа табуға кіріскен әйелдердің саны да артқанын айтады. Тағдыр тауқыметі қанша қиындыққа салса да мойымаған келіншек, қазір бұл кәсіпті толықтай игеріп алған. Денсаулық сыр бермесе бұл жұмысымды әржалғастыра беремін деп отыр.