2021 жылы мектепке қабылдау, колледж бен ЖОО-ға қабылдау, грантқа өтініш қабылдау секілді кең қолданылатын қызметтер цифрлы форматқа ауысады.
ERNUR.KZ. Бұрын мектепке қабылдау үшін 26 құжат қажет болса, қазір құжаттар саны 3-ке түсті. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп жазады baq.kz.
Аппарат жиналысында білім басшысы баяндағандай, 2021 жылы 9 мемлекеттік қызметке автоматизация жүргізіледі. Білім мен ғылым саласында алдыңғы жылдармен салыстырғанда көп қызмет электронды форматқа ауысқан.
Мемлекет басшысы білім және ғылым саласында мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру туралы арнайы тапсырмалар берді. Осыдан екі-ақ жыл бұрын студенттерге арналған оңтайландырылған қызмет көрсететін арнайы орталықтар ашылған болатын. Енді қазір аз уақыт ішінде бұл студенттерге қызмет көрсететін орталықтардың қажеттілігі азайды. Біздің мақсат – барлық қызметті заманауиландырып, смартфонның көмегімен шешетіндей деңгейге жеткізу. Бұрын 14 деканатқа барып жүрген болса, қазір оны қызмет көрсететін бір орталыққа біріктірдік. Енді арнайы орталыққа барып-жүрудің қажеті болмайды. Ата-ана болсын, студент болсын ешқайда, ешкімге бармай, смартфоны немесе компьютері арқылы қызмет алатындай жағдай жасауымыз керек. Бұл мәселені алысқа созбай, осы жылы автоматтандыру жұмысын жалғастырамыз, - деді министр.
2021 жылы мектепке қабылдау, колледж бен ЖОО-ға қабылдау, грантқа өтініш қабылдау секілді кең қолданылатын қызметтер цифрлы форматқа ауысады.
Интерфейсінен бастап, құжаттарына дейін бәріне түсінікті болуы шарт. Көп қызмет проактивті болуы тиіс. Мектептен мектепке ауысу, колледжден колледжге ауысу, ЖОО-нан басқа ЖОО-на ауысу электронды түрде болатындай жұмыстар жасалады. Мұғалімдерді аттестациялау мәселесі, құжат қабылдау электронды форматқа ауысатын болады, - деп түсіндірді Аймағамбетов.
Оның айтуынша, 2021 жылы 1 сәуірден бастап 1-сыныпқа қабылдау басталады.
Осы кезде барлық құжат цифрлы түрде іске асырылуы тиіс. Мамыр айына дейін қарастырылып, кем-кетіктер жөнделуі керек. Білім басқармалары, барлық әріптес мамыр айында жасалған жұмыстар жайлы есеп беретін болады, - деді Асхат Аймағамбетов.