Биыл Қостанайда қазақ тілінде оқытатын жаңа мектеп ашылады

0
1 078

Бұл Қостанайдағы қазақ тілінде оқытатын жетінші мектеп болады.


Биыл Қостанайда қазақ тілінде оқытатын жаңа мектеп ашылады

ERNUR.KZ. Қостанайда мемлекеттік тілде оқытатын жаңа мектеп ашылмақ. Бұл туралы бүгінгі брифинг барысында қала әкімі Қайрат Ахметов мәлімдеді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Биыл Қостанайда қазақ тілінде оқытатын жетінші мектеп ашылады. Ол Жеңіс-Бородин көшелерінің қиылысында орналасады. Осы аптаның соңына дейін қаржы басқармасы мектеп ғимаратын қала балансына беруі тиіс. Бүгінде бұл мектептің ғимараты барлық нормалар мен талаптарға сай. Біз жылу беру жүйесін өзгертеміз. Мектеп ғимараты оқу жылының басына дейін дайын болады», - деді қала басшысы.

Жаңа мектеп 960 орынға шақталған. Сонымен қатар, жақын арада Қостанайда «Әуежай» жаңа шағын ауданында тағы бір 960 орындық мектеп жұмыс істей бастайды. Ол мемлекеттік және орыс тілдерінде оқытады.

Еске салсақ, бүгін Қостанай қаласындағы қазақ тілінде білім беретін жалғыз бастауыш мектебі жабылмайтыны белгілі болды.