Бұл туралы жергілікті прокуратура хабарлады.
Фото: Жамбыл облысының прокуратурасы
ERNUR.KZ. Жамбыл облысында кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу жұмыстары күшейтіліп жатыр, деп жазады inbusiness.kz.
Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің төрағалығымен өткен мекемеаралық кеңесте биылғы жағдайлар талқыланды. Мәліметке сәйкес, аймақта өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері азайғанымен, аяқталған оқиғалардың саны артқан.
Мәселені шешу үшін құқық қорғау және атқарушы органдардың бірлескен бұйрығымен арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар барлық тіркелген жағдайларды зерттеп, бірқатар балаларда ойынға тәуелділік пен қарым-қатынаста қиындықтар барын анықтаған. Кейбір оқиғалардың себептері белгісіз болып қалған.
Осыған байланысты прокуратура уәкілетті органдарға балалардың онлайн-ойын бизнесіне қолжетімділігін шектеуді ұсынды. Ал мектептерде психологтар мен білікті мамандардың жұмысы күшейтіліп, тәуекел тобындағы оқушылармен жеке профилактика жүргізілуде.
Сонымен қатар, Байзақ ауданындағы оқиғаларға байланысты арнайы зерттеу тобы жұмыс істеп жатыр. Кеңес қорытындысында нақты индикаторлары бар Жол картасы қабылданды.