Биыл жер қойнауын пайдалануға 350 млрд теңге инвестиция тарту көзделген

0
101

Бүгінгі таңда елімізде көмірсутектер саласында жер қойнауын пайдалану бойынша 317 келісімшарт жасалған.


Биыл жер қойнауын пайдалануға 350 млрд теңге инвестиция тарту көзделген

ERNUR.KZ. Үш батыс өңірінде барлық келісімшарттың 72%-ы шоғырланған. Мәселен, Атырауда 89, Маңғыстауда 72 және Ақтөбе облысында 66 келісімшарт жасалған. Қызылорда облысында 41 келісімшарт бар. Сондай-ақ Каспий теңізінің қазақстандық секторында 5 келісімшарт қолданыста. Бұны ҚР энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, өндіруге179 келісімшарт тиесілі. Ал, барлау мен өндіруге арналған бірлескен 135 келісімшарт бар.

«2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ҚР мемлекеттік баланстық қоры 4,2 млрд тоннаны, еркін газдың қоры 1,7 трлн текше метрді, ал еріген газ қоры 2 трлн текше метрді құрайды. 2020-25 жылдары көмірсутектер саласында 41,3 трлн теңге инвестиция салынды. 2026 жылы салаға шамамен 350 млрд теңге инвестиция тарту күтілуде. Бұл қаражат геологиялық барлауға, өндірістік инфрақұрылымды жаңғыртуға және жаңа технологияларды енгізуге бағытталған», – деді спикер.

2025 жылдың қорытындысы бойынша кадрларды даярлауға 18,7 млрд теңге, ғылыми зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыстарға 10,1 млрд теңге, өңірлік әлеуметтік-экономикалық жағдайды дамытуға 45,5 млрд теңге жұмсалды. Көмірсутектерді барлау саласында 65 мыңға жуық адам қызмет етеді. Орташа айлық жалақы шамамен 1,2 млн теңгені құрайды. Бұл – республикадағы ең жоғары жалақы төленетін салалардың бірі.

Мемлекет басшысы бұл секторды дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді. Осыған байланысты 2025 жылдың соңында Қазақстан Республикасының Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексіне саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған өзгерістер енгізілді.

Аз зерттелген шөгінді бассейндер үшін арнайы құқықтық режим енгізілді. Мұндай аумақтар бойынша геологиялық тәуекелдер жоғары екенін ескере отырып, жер қойнауын пайдалану құқығын жеңілдетілген тәртібі көзделді. Бұл инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастырды. Биыл 100 аукцион өткізу жоспарда бар. 40 жер қойнауы бойынша алғашқы аукциондар жарияланды. Ол 28 шілде күні өтеді.

Бүгінде Қазақстанда барлық 15 шөгінді бассейні бойынша болжамды көмірсутек ресурстарынан алынатын шартты отын 76 млрд тонна көлемінде бағаланады. Оның ішінде шамамен 70 млрд тоннасы негізгі перспективті Каспий маңы, Үстірт-Бозашы, Маңғышлақ және Оңтүстік Торғай шөгінді бассейндеріне тиесілі. Қалған 6 млрд тоннаға жуығы аз зерттелген шөгінді бассейндерде шоғырланған.