Қайғылы жағдайдың бірнеше себебі айтылды.
ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Трекино ауылындағы жеке үйден екі зейнеткердің денесі табылды. Егде жастағы ерлі-зайыптылар алдын ала болжам бойынша, табиғи газдан уланып қайтыс болған, деп жазады nur.kz.
Оқиға орнына барған "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ мамандары қайғылы жағдайдың бірнеше себебін атады.
"Атап айтсақ, Ресейдегі газ құбырының апатына байланысты газ қысымының төмендеуі, қатты аяз, электр қуатының үзілуі. Сондай-ақ үйге жөндеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін газ беруді автоматты түрде өшіретін сенсордың бөлшектелгені белгілі болды. Нәтижесінде түтін мұржасында мұз кептелісі пайда болып, улы газ тұрғын үйге тараған", - дейді "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ өкілдері.
Оқиға орнына облысы әкімі Ғали Есқалиев келген. Аймақ басшысы марқұм ерлі-зайыптылардың жақындары мен туыстарына көңіл айтып, оқиғаның нақты себептерін анықтауды, сонымен қатар олардың отбасына көмек көрсетуді тапсырды.
"Тексеру қорытындысы және осындай жазатайым оқиғаларды азайту бойынша қажетті шаралар жақын арада облыс әкімдігінде қаралатын болады", - дейді өңір әкімдігінің баспасөз қызметі.