БҚО-да әйелді катермен қағып өлтірген депутаттың ұлы шартты түрде сотталды

0
627

Бір жылға бас бостандығы шектелген жасөспірім кінәлі деп танылды.


БҚО-да әйелді катермен қағып өлтірген депутаттың ұлы шартты түрде сотталды

ERNUR.KZ. БҚО кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Артем Крыловқа қатысты үкім шықты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Сотта катермен әйелді қағып, қазаға ұшырату дерегі бойынша іс қаралды. 17 жастағы А.Крылов ҚР ҚК 104-бабы 1-бөлігіне (абайсызда қазаға ұшырату) сәйкес айыпты деп танылып, оның бір жылға бас бостандығы шектелді. Аталған мерзімге пробациялық бақылау орнатылды.

Судья Жанар Ешпанова істің жәбірленушінің қатысуымен прокурор мен сотталушының арасында жасалған процестік келісіммен сотқа түскенін мәлімдеді.

«Келісім бойынша прокурор кінәлі адамның бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Процеске қатысушылар мұнымен келісті. Сотта жәбірленушілер келісімді қолдап, моральдық залалдың өтелгенін растады. Заң бойынша сот прокурормен белгіленген бапты қатаңдатылған баппен соттауға құқылы емес. Сондықтан сотталушы аталған бапқа сәйкес кінәлі деп танылды», - деді Жанар Ешпанова.

Сонымен қатар, сот катерді құжатсыз және рұқсатсыз жүргізу дерегі бойынша жауапкершілікке тарту мәселесін шешу үшін жеке қаулы шығарды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетсек, 6 маусым күні Орал маңындағы Шаған өзенінде шомылып жүрген әйелді белгісіз біреудің катермен қағып өлтіргені, кейіннен күдіктінің облыстық мәслихат депутатының 17 жастағы ұлы екені анықталған болатын.