Боранда адасып кеткен жамбылдықтар аман-есен табылды

0
520

Жоғалған адамдар Шымбұлақ ауылынан 40 шақырым қашықтықта табылды.


Боранда адасып кеткен жамбылдықтар аман-есен табылды

ERNUR.KZ. Жамбыл облысында боранда адасып кеткен үш тұрғын аман-есен табылды, деп жазады ҚазАқпарат.

15 қараша күні Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментіне Жуалы ауданы Шымбұлақ ауылының үш тұрғыны (екеуі 1974 жылғы және біреуі 1983 жылғы) сағат 18:05-те ауылдан 15 км қашықтықта тау бөктеріндегі аумақтан трактормен мақсары шабуға шығып, күн райының қолайсыздығынан адасып кеткендігі жөнінде хабарлама түскен.

Жоғалған адамдарды іздестіруге төрт өрт сөндіруші-құтқарушы, учаскелік полиция және жергілікті тұрғын жол талғамайтын «ТРЕКОЛ» көлігімен шықты. Қараңғы түсіп, боран басталып кеткендіктен, іздестіру жұмыстары келесі күнге шегерілді.

16 қараша күні таңертең іздестіру жұмыстары қайта басталып, сағат 10:35-те жоғалған адамдар Шымбұлақ ауылынан 40 шақырым қашықтықта табылды. Олар медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ.