"Борат-2" фильміне қарсы петиция: АҚШ-тың Бас консулы жауап берді

0
1 085

​"Борат" фильмінің екінші бөлімі тыйым салуды талап еткен бір топ жас петиция ұсыну АҚШ-тың Бас консулдығына барған болатын.


ERNUR.KZ. Алматыдағы АҚШ-тың Бас консулдығы "Борат-2" фильміне қарсы шыққан азаматтардың өтінішіне жауап берді, деп жазады sputnik.kz.

Дипломатиялық миссия 23 қазанда "Борат-2" фильмінің шығуына қарсы наразылық білдірушілер тобынан петиция түскенін айтты. Сонымен қатар Америка құрама штаттары үкіметі бұл фильмді қаржыландыруға, түсіруге немесе шығуына қатыспағанын мәлімдеді.

"Өз ойын білдіру бостандығы мен бейбіт жиындарға еркіндік беру – АҚШ Конституциясында көрсетілген құқықтар. Сондай-ақ АҚШ үшін де, Қазақстан үшін де негізгі құндылық болып табылады. Біз азаматтардың өз ойын бейбіт түрде білдіру қабілетін қолдаймыз. Дәл осы мүмкіндік біздің елдерді мықты етеді", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар хабарламада АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозердің екі ел арасындағы қарым-қатынасына анықтама берді.

"АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас – штаттарда оқып, жұмыс істейтін көптеген қазақстандықтың, сондай-ақ Қазақстанның бай мәдениеті мен дәстүрімен танысуға мүмкіндік алған көптеген америкалықтың тәжірибесі", - деді АҚШ елшісі.

Айта кетейік, 23 қазанда бір топ жас АҚШ Бас консулдығына жиналып, "Борат-2" фильмінің шығуына қарсы шықты. Олар фильмге тыйым салуды талап етіп, петициясын ұсынды.
Ұйымдастырушылар бұл петиция арқылы қоғамда теріс реакция тудырған фильмнің көрсетілуіне тыйым салуды сұрайды, олардың пікірінше, ол бүкіл мемлекеттің беделін түсіреді.

Бұған дейін Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова британдық актер және режиссер Саша Барон Коэннің атышулы "Борат-2" фильмі туралы пікір білдірген еді.

Министрдің айтуынша, сенсациялық фильмнің Қазақстанда пайда болуы фактісін елемеуге болмайды.