Халқымыздың намысы тапталып жатыр: Бекболат Тілеухан үндеу жолдады

0
870

Мәжіліс депутаты "Борат" фильмнің халықаралық құқықты бұзғанын айтты.


Халқымыздың намысы тапталып жатыр: Бекболат Тілеухан үндеу жолдады

«Борат» фильміне қатысты ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан instagram парақшасында үндеу жариялады.

"Өзімізге ғана емес, өзгелерге, әсіресе алыс-жақын елдегі дипломатиялық инстанцияларға жетімді болу үшін БҰҰ-дағы алты тілдің бірі – орыс тілінде жасадым. Айналайын халқым, түсіністікпен қараңыздар. Еліміздің абыройы, халқымыздың намысы тапталып жатыр. Тәуелсіздігіміздің символы іспетті көк байрағымызды тексіздерге қорлатып отыра алмаймыз. Бұл үндеуді қолдауларыңызды сұраймын!" – дейді Бекболат Тілеухан.

Мәжіліс депутаты атышулы фильмнің халықаралық құқықты бұзғанын айта келіп, депутат ретінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевқа, ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваға осы мәселеге қатысты түсініктеме беру керектігін айтады.

Сонымен қатар, депутат «ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы» Заңды қайта қарауды ұсынды.

Еске салайық, күні кеше Бораттың "сыңарлары" шет елдерде Қазақстан туын желбіретіп флешмоб өткізген болатын. Бұл жәйт қоғамда үлкен резонанс туғызып, қазақстандықтар қарсылық ретінде "Мен туымды мақтан етемін!" акциясын жүргізді.