Бұрынғы күйеуінен балаларын ала алмай жүрген әйел істің мән-жайын айтты

0
648

Ерлі-зайыптылардың ортақ некесінен 4 бала бар. Үшеуі әкесінің тәрбиесінде, ал кенжесі анасында.


Бұрынғы күйеуінен балаларын ала алмай жүрген әйел істің мән-жайын айтты

ERNUR.KZ. Маңғыстауда баласын әкесінен алып кетпек болған анасының даулы видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті. Тағдыры әлеуметтік желіде талқыға түсіп, қоғамда резонанс тудырған әйел мәселенің мән жайын айтып, Маңғыстау арнасына сұқбат берді, деп жазады ҚазАқпарат.

Сот шешімімен балаларын алуға келген анаға үлкен ұлы қарсылық танытқан. Видеодан кейін көпшілік баланың анасын кінәлап, мәселеге тиісті органдардың араласуын талап еткен.

Дегенмен, бұрынғы күйеуімен 13 жыл отасқан Жанар Хамзиеваның айтуынша, сот шешім шығарар кезде оның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын ескерген.

Ерлі-зайыптылардың ортақ некесінен 4 бала бар. Үшеуі әкесінің тәрбиесінде, ал кенжесі анасында.

«Қазір Атырау облысында 8 бөлмелі үйде ата-анаммен бірге тұрамын. Бір мекемеде еден жуып, сауда-саттықпен айналысамын. Өз күнімді көріп, балаларымды өз қамқорлығыма алу үшін уақытпен санаспай жұмыс істеуге мәжбүрмін. Ал, балалардың әкесі Орынбасар Өтешбаев досының берген бір бөлмелі қуықтай үйін паналап, такси қызметін атқарады. Яғни, ол жұмыста болған кезде балалардың тәрбиесімен Орынбасардың анасы айналысады. Сот болатын кезде психолог үлкен ұлыммен сөйлесіп, оның мені жақсы көретінін айтты. Бірақ ол әкесі мен әжесінің ықпалынан шыға алмайды. Бала өз таңдауын жасай алмай отыр. Кешегі видеоға байланысты учаскелік полицейлер «сен ала аласың, қолыңда атқару парағы бар» дегесін мен сондай әрекетке бардым. Мен баланы ұрып-соққан жоқпын. Жұрт мені «ақша керек болғасын сөйтіп жасап жатыр» деп жазыпты. Маған одан ештеңе керек емес. Алимент те қажет емес», - дейді келіншек.

Ал, Жанардың бұрынғы күйеуі Орынбасар Өтешбаев балаларын анасына бергісі келмейтінін айтады. Тіпті әкенің тәрбиесінде қалған ұлы мен қызы нағашыларының қолына барғысы келмейтінін жасырмады.

«Анамызбен бірге тұрғымыз келмейді. Біз нағашыларымыздың қолына баратын болсақ, ол жұмыс істеймін деп тағы да қалаға кетіп қалады. Біз осында қала береміз», - дейді Жанель Орынбасарқызы.

Ал, Мұнайлы ауданы білім бөліміндегі психолог алдын ала жасаған болжамы бойынша, балалар үлкендердің айтуымен жүр деген пікір білдірді.

«Біз балалардың құқығын қорғайтын органбыз, бірақ балаларды анасынан айырып құқығын қорғамаймыз. Көп жағдайда бала анасымен бірге болуы керек. Анасы балаларының кеудесінен итеріп тұрған жоқ. Сот болардан бір күн бұрын келді. Құшақтайын десе, балалар барғысы келмеді. Сонда психолог маман жасаған қорытындыда балаларға үлкендердің ықпалы әсер еткені жазылған. Балалардың қылығы жаттанды, үйретулі», - дейді Мұнайлы аудандық білім бөлімі кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғау маманы Алтынай Есберген.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін маңғыстаулық әйел бұрынғы күйеуінің қолындағы балаларын күштеп алып кетпек болғаны жайлы видео әлеуметтік желіде тарап кеткенін жазған болатынбыз.

Оқиға 2 қазан күні Басқұдық ауылында болған. Келіншек бұрынғы күйеуінің сот шешіміне қарамастан балаларды бермей отырғанын айтып полицияға жүгінеді. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор, сондай-ақ учаскелік инспектордың көмекшісі балалардың тұрғылықты жеріне барды.

Алайда, шу шығып, нәтижесінде үш бала әкесімен бірге қалған.