Қазіргі уақытта мамандар оқиғаның себебін анықтауда.
ERNUR.KZ. Семей қаласында аспандағы жарқыл тұрғындардың үрейін туғызды, деп жазады ҚазАқпарат.
Шаһар тұрғындары әлеуметтік желілерде тараған видеоны қызу талқыға салуда. 23 қарашада түнгі сағат 02.20-да түсірілген видеода көрінетіндей, аспан кенеттен жарқ етті де содан кейін бірнеше секундқа барлық пәтерлердегі жарық шамдары сөніп қалды.
Белгілі болғандай, Знаменская тасжолының бойындағы қалаға жақын орналасқан 18 шағын станцияда қысқа тұйықталу болған.
«35 кВ-тық электр тарату желісіндегі қысқа тұйықталу салдарынан аспанда доға тәрізді көрініс пайда болды. Зардап шеккен ешкім жоқ. Қазір шағын станция жұмыс істеп тұр», - деп түсіндірді «Кегок» АҚ «Семей аумақтық электр желілері» филиалының мамандары.
Қазіргі уақытта мамандар қысқа тұйықталудың себебін анықтауда.