"ChatGPT ми жұмысын тежейді": депутат оқушылар үшін шектеу енгізуді ұсынды

0
140

Бүгін төменгі палатада "Жасанды интеллект туралы" заң жобасы таныстырылды.


фото: Luisella Planeta Leoni

ERNUR.KZ. Депутат Дәулет Мұқаев мектеп оқушылары үшін жасанды интеллекті пайдалануға шектеу енгізуді ұсынды, деп жазады sputnik.kz.
Бүгін төменгі палатада "Жасанды интеллект туралы" заң жобасы таныстырылды. Сол кезде депутат Дәулет Мұқаев ChatGPT сияқты технологиялардың қауіпті тұсына тоқталды.
"Әрине, технологияның дамығаны жақсы. Бірақ уақыт өте келе, бұның барлығы ми жұмысының шектелуіне алып келетін сияқты. Қазірдің өзінде мектеп оқушылары тапсырманы жасанды интеллект – ChatGPT-ге сала салады да, өздігімен ештеңе істемей, отыра береді. Меніңше, мектеп оқушылары үшін қандай бір шектеулер қою керек. Егер ол шектеуді қоймаса, ертең сол оқушыларымыз студент болады, еңбек нарығына араласады. Соның зардабын 20 жылдан кейін көреміз. Бұл да біздің еліміз үшін үлкен бір қауіптің бірі", - деді Мұқаев.
Заң жобасын таныстырған Екатерина Смышляева әріптесінің алаңдаушылығына қосылды. Себебі жасанды интеллект адамның когнитивтік қабілетін төмендеді. Оны шетелдегі зерттеулер де растап отыр.
"Иә, адамның когнитивтік қабілеті төмендейді. Жасанды интеллект тұрғанда адам бір нәрсені іздеуге, ой елегінен өткізуге және тұжырым жасауға тырыспайды. Бірақ оны қосымша құрал ретінде пайдаланса, толығымен ойлаудың қажеті жоқ деген сөз емес. Себебі жасанды интеллект базалық мәтінді жасап береді. Осыдан кейін адам сыни ойлау қабілетін қолдануы керек. Рас-өтірігін айырып, чатқа бір емес, 500 рет тапсырма береді. Соның нәтижесінде ғана сапалы контент шығады. Міне, дәл осы сыни ойлау болса, адамның когнитивтік ойлау қабілеті төмендемейді",- деп атап өтті Смышляева.
Оның ойынша, бұрын балаларды ақпарат жинауға үйретсе, қазір сол ақпаратты сыни тұрғыда бағалауға және талдауға үйрету керек. Ол үшін білім стандарттарын өзгерту қажет.
"Ал қандай да бір шектеу енгізсек, оны орындау міндеті ата-ананың мойнында болады. Өкінішке қарай, басқаша шектей алмаймыз. Ата-аналар оған келісе ме? Сол шектеуді орындай ма? Мәселе сонда", - дейді Смышляева.