30 шілде күні Павлодарда әйел екі баласын терезеден лақтырып, өзі де секіріп кеткен.
Фото: Артем Викторов / Kazinform
ERNUR.KZ. Сот шешімімен әйел адам мамандандырылған типтегі психиатриялық стационарға мәжбүрлеп емдеуге жіберілетін болды, деп жазады inform.kz.
Балаларын терезеден лақтырып, артынан өз де секірген анаға қатысты қылмыстық іс Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жабық режимде қаралды.
Қылмыстық іс екі бап бойынша қаралды. Атап айтқанда ҚР Қылмыстық кодексінің ҚК-нің 99-бабы 3-бөлігі – «Жас баланы өлтіру» және 24-баптың 3-бөлігі, 99-баптың 3-бөлігі – «Жас баланы өлтіруге әрекет жасау». Бірінші баптың санкциясы өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздегенімен, ол Қазақстандағы әйелдерге тағайындалмайды. Сот ананы қылмыстық жауапкершіліктен толықтай босатты.
- ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 3-бөлігінде, 24-бабы 3-бөлігінде көзделген, қоғамдық қауіпті қылмысты жасау кезінде ақыл-есі дұрыс болмауына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылсын. Айыпталушыға қарқынды бақыланатын мамандандырылған типтегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу тағайындалсын, - деп жария етті сот үкімін Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Жанна Нығыбаева.
Еске сала кетейік, 30 шілде күні Павлодарда әйел екі баласын терезеден лақтырып, өзі де секіріп кеткен.
Кейін әйел мен екі баласының терезеден құлауы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ал 1 тамыз күні биіктіктен құлаған балалардың бірі көз жұмды.
Дәрігерлер тірі қалған жеткіншектің жағдайы туралы айтқан.
Тамыз айының ортасында жеткіншек ауруханадан шыққаны туралы да хабарлаған болатынбыз.
Зардап шеккен бала Екібастұзға қарасты ауылдардың бірінде тұрып жатқанын да жазғанбыз.
Ал тамыз айының соңында қатыгез ана ауруханадан шығарылған еді.
Полиция кейінірек балаларын терезеден лақтырып жіберген анаға қатысты қылмыстық істі тексеру аяқталғанын мәлім етті.


