Дәрі жетіспеген: Алматыда бір отбасыда үш адам көз жұмды

0
670

Науқастар ауруханаға барғанда ПТР тесттің қорытындысы шыққанша екі-үш күн ешқандай ем алмаған.


Дәрі жетіспеген: Алматыда бір отбасыда үш адам көз жұмды

ERNUR.KZ. Алматы қаласының тұрғыны Мира Төлеби коронавирустың кесірінен жақындарынан айырылып, отбасы қара жамылып қалды. Бір әулеттен үш адам қаза тапқан, деп жазады Stan.kz.

Алматы қаласының тұрғыны Мира коронавирустың кесірі отбасымызға қайғы әкелді дейді. Қос бірдей бауырынан және сүйікті жеңгесінен айырылып қалғанын айтады.


"Менің әкем де ауырды. Аллаға шүкір, аман-сау үйге қайта келді. Ауруханаға барғанда ПТР тесттің қорытындысы шыққанша екі-үш күн ешқандай ем алмай жатты. Дәл осы жағдай екі көкемде де болды. Өз аяғымен ауруханаға барған екі көкем жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Содан соң дәрі болмай, облыс бойынша іздеп уақыт жоғалттық. Олар қалалық ауруханада жатса, біз сонау Қаскелеңнен барып дәрі іздедік. Тіпті жағдайы қиындағанда дәрігерлер өте қымбат бір дәріні тауып келуді сұрады. Еш жерде жоқ. Таныстарымыз арқылы әрең дегенде қолымыз жетті. Бір дөкейдің анасы ауырып, сол дәрімен емделген екен. Содан қалғаны бұйырып тұр екен бізге. ИВЛ аппаратынан жақындарымызды ажыратқан кезде оттегі маскасын тауып келуді сұрады. Оны да таба алмадық. Қарапайым оттегі маскасы жоқ. Дәрінің, препараттың соңынан қуамыз деп қаншама уақытымызды жоғалтып алдық", - деген Мира дәрігерлерге еш өкпесі жоқ екенін жеткізді. Ақ халаттылар қолдарынан көмекті аямаған көрінеді.


"Дәрігерлер бізге өте жақсы қарады. Олар біз үшін өздері де қатты уайымдап кетті. Қолындағы бәрін беріп, қадағалады. Бірақ ауруханаларда дәрінің жоқ екені рас", - дейді жақындарынан қапияда айырылған Мира.


Айналасы 3-4 күннің ішіндегі бірнеше қаза жанымызға қатты батты дейді Мира. Мұндай дәрменсіз күй кешетіндей басымызға не күн туды деп налиды ол.


"Осы уақытқа дейін үкімет немен айналысып отырғанын білмедім. Коронавирусқа бөлінген миллиардтаған ақша қайда кетіп жатыр? Біздің төлеп жатқан салығымыз қайда кетіп жатыр? Неге жақындарымыз өліп жатыр? Жанымызға өте ауыр тиді. Көршілеріміздің бірде анасы, бірде жалғыз баласы бақилық болып жатыр. Бұл қай уақытқа дейін жалғасады? Күзде не боларын ойлаудың өзі қорқынышты", - деп көзіне жас алған Мира билік тарапынан нақты әрекет көрмей тұрғанын айтып қалды.

"Нақты іс көріп тұрған жоқпын. Көп уақыт жоғалтып жатырмыз. Үш күн демалыс мен үшін қаралы күн. Мереке деуге ауызым бармайды. Сол күндері тіпті кезекші дәрігердің өзі науқас әкеме келіп ем жасамаған. Пандемия кезінде үш күн бойы бір де бір дәрігер келіп хал сұрамаған", - дейді көзі жасқа толған Мира.