Дәрігерлік оқуға түсу үшін жаңа емтихан енгізіледі

0
2 651

Келесі жылдан бастап болашақ дәрігерлердің психологиялық мүмкіндіктеріне қосымша емтихандар және студенттерді міндетті сыртқы бағалау жүйесі енгізіледі


Дәрігерлік оқуға түсу үшін жаңа емтихан енгізіледі

ERNUR.KZ. Қазақстанда медициналық жоғарғы оқу орындарына оқуға түсу үшін жаңа емтихан енгізіледі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ҚР Президентінің "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты Жолдауының аясында медициналық кадрларды даярлау сапасын арттыру туралы ҚР Үкіметінің баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп жазады BNews.kz.

Елжан Біртановтың айтуынша, жыл сайын 6000-ға жуық студент еліміздің медициналық жоғары оқу орындарына қабылданады. Бүгінгі күні денсаулық сақтау қызметкерлерін 5 мемлекеттік және 10 мемлекеттік емес жоғары оқу орындары оқытады.

Медициналық білім беру сапасын арттыру үшін білім беру бағдарламасын толықтай қайта қарап шығу керек.

"Үкімет жоғары оқу орындарының, оның ішінде медициналық университеттердің дербес болуын құптап отыр. Яғни университеттер нарық сұранысына қарай қажетті бағдарламаны заманауи білімге негіздеп, өздері жасайды. Атап айтқанда, дәрігерлік қызметпен қатар зерттеу жұмыстарын жүргізетін клиницист дәрігерлерге деген сұраныс бар. Жылдың соңына дейін біз барлық университеттерімізді коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналдырамыз", - деді Денсаулық сақтау министрі.

Нәтижесінде университеттер мемлекетке белгілі бір пайызбен салық төлемейді, олардың тапқан бар қаражаты жоғары оқу орнының өзіне қалады.

Медициналық білім беру сапасын арттыру мақсатында 2016 жылдан бастап медициналық және фармацевтикалық білім беру және адам ресурстарын басқару жүйесін жаңғырту жобасы қолға алынған еді. Осы жоба аясында "Назарбаев Университеті" АҚ үлгісі негізінде әлемдік 500 үздік университеттер қатарына кіретін АҚШ, Швеция, Италия, Түркия, Литва және Польшаның медицина мектептері тартылды.

"Бес мемлекеттік жоғары оқу орындарының әрқайсысында осы елдердің университеттерінен серіктесі бар. Қазір әрбір университеттің бірінші проректоры осы шетелдік университеттің өкілі болып табылады. Олардың міндеті – білім беру бағдарламаларын, жоғары оқу орындарын басқару жолдарын өзгерту, шетелдік оқытушыларды тарту, студенттік алмасу мен ғылыми-білім беру қызметін күшейту", - деді министр.

Министр сондай-ақ, қабылдау кезінде студенттерге қойылатын талаптардың күшейетінін де атап өтті.

"Келесі жылдан бастап болашақ дәрігерлердің психологиялық мүмкіндіктеріне қосымша емтихандар және студенттерді міндетті сыртқы бағалау жүйесі енгізіледі. Яғни, оқу барысында және аяқталғаннан кейін студенттер бағаланады, ал дипломдар ЖОО-ның қалауы бойынша емес, сыртқы бағалау нәтижелерінің негізінде берілетін болады", - деді Елжан Біртанов.

Психометриялық тестілеу болашақ дәрігердің психологиялық мүмкіндіктері мен икемділіктерін анықтауға бағытталған. Студенттің адамгершілік қасиеттеріне, қарым-қатынас дағдыларына, сабырлылығына, салмақты дене еңбегіне қабілеттілігіне назар аударылады.

"Бұл – өте маңызды іріктеу. Бұл – әлемдік тәжірибе. Аталған жұмыстарды сапалы дәрігерлерді даярлап, келешекте ең жақсы нәтижелерге қол жеткізу мақсатында іске асырып отырмыз", - деді министр.

ҚР ДСМ медициналық ЖОО-лардың, колледждердің түлектерінің және медицина қызметкерлерінің біліктілігін тәуелсіз бағалау жүйесін одан әрі дамыту мақсатында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына интернатура және резидентура түлектерін, медициналық колледждер түлектерін тәуелсіз бағалау бойынша Министрліктің құзыреттілігін бекіту тұрғысынан ұсыныс әзірледі. Министрдің айтуынша, бұл бағалау нашар білім беретін ЖОО-ларды анықтауға мүмкіндік береді. Одан кейін олар лицензияларынан айырылады.

Сондай-ақ, Елжан Біртанов медицина кадрларын даярлау сапасын жақсарту мақсатында медициналық ЖОО-ларда курстан курсқа өту кезіндегі орташа балға қойылатын талаптар күшейтілгенін атап өтті. Бұл кіші курстарда оқып жүрген кездің өзінде икемі бар студенттерді іріктеуге мүмкіндік береді. Мәселен, 2017 жылы курстар арасындағы өтпелі балдар көтеріліп, іріктеу 6-7%-дан 15%-ға дейін өсті.

ҚР ДСМ ұсынатын тағы бір өзгеріс - медицина қызметкерлері міндетті сертификаттаудан 5 жылда бір рет емес, үш жылда бір рет өтетін болады. Пилоттық тестілеу нәтижесі студенттердің 95%-ы қажетті білімді алып жатқанын көрсетті. Дегенмен, практика кезінде алған білімдерінің бір бөлігін ұмыта бастайды. Елімізде бес жылда бір рет медицина қызметкерлері - барлық дәрігерлер, медбикелер өтетін міндетті сертификаттау бар. Олар өздерінің білімдері мен тәжірибелік дағдыларын дәлелдеп отыруға міндетті. Жаңа кодекс аясында әрбір үш жылда сертификаттауды өткізіп тұру ұсынылған.