Дариға Назарбаева жаңадан ашылған орталыққа барды

0
1 085

Орталық жылына 1800 әйелді оқытуды жоспарлап отыр.


Дариға Назарбаева жаңадан ашылған орталыққа барды

Елордадағы жаңа орталықты Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен Нұрсұлтан Назарбаев қоры бірлесіп ашты. Тұңғыш президент қорының директоры Дариға Назарбаева Нұр-Сұлтандағы «Қамқорлық» коворкинг орталығының ашылу салтанатына қатысты, деп жазады inbusiness.kz.

«Мұнда көпбалалы аналар, жалғызбасты аналар, ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелейтін әйелдер, тұрмысы төмен азаматтар мен ауыр тұрмыстық жағдайда өмір сүретін балалар, мүгедектер оқытылады» – деп мәлімдеді қордың баспасөз қызметінен.

Орталық қабырғасында жүзеге асырылатын жобалардың бірі – «Кәсіпкер ана», авторы – Жастар конгресінің өкілі Айнұр Жүнербаева.

Кезінде ол жеке кәсібін бастап, оны кеңейтті. Енді, орталық жұмысы арқылы өз тәжірибесімен бөліскісі келеді. Дариға Назарбаева орталықтың материалдық-техникалық базасымен танысып, кабинеттерді қарап шықты. Орталық басшылығымен әңгімелесу барысында Назарбаева инфекциядан қорғау, жұмыс гигиенасы және білім алушылар үшін әлеуметтік қашықтықты қамтамасыз ету тұрғысынан жұмыс орындарының қауіпсіздігіне ерекше назар аударды.

Орталық 7 бағыт бойынша тренинг өткізеді: тамақ өнеркәсібі; IT-индустрия; сұлулық индустриясы; тігін ісі; киіз басу өнері және тағы басқа. Бұған қоса, әйелдер үшін әлеуметтік және психологиялық сауаттылықты арттыру тренингтері өткізіледі.

Орталық аумағында балаларға арналған бөлме де бар. Жылына 1800 әйелді оқыту жоспарланып отыр. Курс мерзімі бір айдан үш айға дейін созылады. Курс соңында сертификат беріледі.

Орталықтың ақпаратынша, оқуды аяқтағаннан кейін қатысушылардың «Еңбек» бағдарламасы бойынша өз кәсібін ашып, 505 мың теңге грант алуға мүмкіндігі бар.