Дәулет Тұрлыхановтың ұлы әскери міндетін өтеуді жалғастыра ма

0
603

Биыл ақпанда Алматыда заңгер Анна Дмитриевич пен оның күйеуі Олег Чернов соққыға жығылған еді.


Дәулет Тұрлыхановтың ұлы әскери міндетін өтеуді жалғастыра ма

ERNUR.KZ. Алматыда ерлі-зайыптыны ұрды деп, басы дауға іліккен Дәулет Тұрлыхановтың ұлы әскери міндетін өтеуді жалғастыруы мүмкін бе? Бұл сауалға Қорғаныс вице-министрі Сұлтан Қамалетдинов жауап берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Ол бойынша тексеру жүргізілді. Ескеретін жайт, сарбаз құқық бұзушылық жасаған кезде демалыста болды. Қазір тергеу жүріп жатыр, сот өтті. Менің түсінуімше, айыпталушы апелляциялық шағым түсірді. Егер ол кінәлі деп танылса, әрине қарулы күштерде сотталғандар қызмет ете алмайды», - деп қысқа қайырды Сұлтан Қамалетдинов Мәжіліс қабырғасында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Еске сала кетейік, биыл ақпанда Алматыда заңгер Анна Дмитриевич пен оның күйеуі Олег Чернов соққыға жығылған еді. Алматы қалалық Полиция департаменті аталған дерек ҚР ҚК-нің 293-бабы («Бұзақылық») бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін хабарлады.

Кейін спорт қайраткері Дәулет Тұрлыханов баласының бұзақылық әрекетіне байланысты пікір білдірді.

«Ақпанның 11-іне қараған түні Алматыда менің ұлым мен заңгерлердің арасында болған оқиғаға қатысты пікір білдіруді жөн деп таптым. Менің ұлым Нұрасыл кәмелет жасына толған азамат, егер оның кінәсі дәлелденсе, оған Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тиісті шара қолданылады. Сонымен бірге, мен ұлымның әрекеті үшін кешірім сұраймын», - деп жазған болатын Дәулет Тұрлыханов.

Одан бөлек, Дәулет Тұрлыханов ұлының ісіне араласып жатпағандығын айтты.