Емханалар жанынан құрылған мобильді бригадалар, коронавирус симптомы бар және пневмониямен ауырғандарды, сондай-ақ стационарда емделіп шыққан науқастарды бақылайды.
Денсаулық сақтау министрлігі емханалар жанынан құрылатын мобильді бригадалардың қызметі халыққа тегін болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Бұл (мобильді топтар) – халыққа тегін көрсетілетін жедел жәрдемнің жаңа қызметі. Мемлекет әр шақырту бойынша МӘМС (Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру) қоры арқылы төлейтін болады. Олар науқастармен байланыста болғандардан және симптомы барлардан COVID-19-ға ПТР-тест алады.
Емханалар жанынан құрылған мобильді бригадалар қызметі - коронавирус симптомы бар және пневмониямен ауырғандарды, сондай-ақ стационарда емделіп шыққан науқастарды бақылау.
Сонымен бірге мобильді топтар созылмалы ауруы бар адамдарды, жүкті әйелдер мен балаларды үйінде бақылайтын болады. Мобильді бригадалардың қызмет төлемін Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры жүргізеді. Әр шақырту үшін емханаларға 5400 теңге аударылады. Мобильді топтардың қызметкерлері жеке қорғаныс құралдарымен, пульсоксиметрлермен және басқа да керек-жарақпен қамтамасыз етіледі», - делінген министрліктің мәліметінде.
Еске сала кетсек, кеше ақылы жедел жәрдемнің өз жұмысын бастағаны туралы жазған болатынбыз.