Депутат Әли Бектаев ауылға байланысты нағыз сорақылықты айтты

0
994

2019 жылы бөлінген 448 миллиард теңге қаражаттың 1,6 миллиард теңгесі ғана ауылдарда тұрақты жұмыс орындарын ашуға септігі бар 22 жобаға бөлінген.


Депутат Әли Бектаев ауылға байланысты нағыз сорақылықты айтты

ERNUR.KZ. Бүгін Сенат отырысында депутат Әли Бектаев «Ауыл – ел бесігі» жобасы ретінде жүйелі құжат ретінде жасалмағанын айтты, деп жазады baq.kz.

"Жобаға енгізілген тіректі және спутниктік елді мекендерді іріктеу қағидалары түсініксіз. Бүгінде бұл тізімге 3561 елді мекен енгізілген. Олар негізінен аудан орталықтары мен олардың айналасындағы ауылдар. Ал шалғайдағы елді мекендердің қамтылуы нашар. Ең сорақысы, «Ауыл – ел бесігі» жобасын дайындау барысында тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесі ескерілмеген. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «ҚазАгро» акционерлік қоғамының қаржы институттары осы жобадан тыс қалған", - дейді Әли Бектаев.

Оның айтуынша, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 2019 жылы бөлінген 448 миллиард теңге қаражаттың 1,6 миллиард теңгесі ғана ауылдарда тұрақты жұмыс орындарын ашуға септігі бар 22 жобаға бөлінген. Ал 2020 жылы ауыл аумақтарында ашылатын 20 мың жұмыс орындарының 800-і ғана тұрақты болмақ. Яғни әр төрт елді мекенде орта есеппен бір ғана тұрақты жұмыс орны құрылады екен.

«Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасына енген инвестициялық жобалардың әлеуметтік тиімділігі төмен. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Еңбек», «Бизнестің жол картасы - 2025» сияқты мемлекеттік бағдарламалармен үйлестірілмеген. Ауылдардың инфрақұрылымдық проблемаларын түбегейлі түбегейлі шешуге арналған бастамалар жүйелі жоспарланбаған, - дейді депутат.

Ол осы ретте Премьер-министр Асқар Маминге бірнеше сауал қойды:

1. «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын жасап, іске асырар алдында ауылдық елді мекендердің өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкестігін, ауыл халқының жайлы өмір сүру деңгейін анықтайтын кешенді зерттеулер жүргізілді ме?
Осы жобаға енгізілген әлеуеті бар 1173 тіректі, 2388 спутниктік елді мекендер қандай критерийлермен анықталды?
2. Қалған 2847 елді мекенді әлеуеті төмен, келешегі жоқ деп айтуға бола ма? Егер солай болса, онда сол ауылдарда өмір сүріп жатқан бір миллионнан астам тұрғындардың болашағы не болмақ? Елді мекендердің 40 %-ға жуығы шекара бойында орналасқандықтан, олар жойылып кеткен жағдайда, еліміздің және жеріміздің тұтастығына қауіп төнбейді ме?
3. «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының» іске асырылуы туралы қорытынды ақпаратта 2011 жылдың 1 қаңтарына Республикадағы ауылдық елді мекендердің 2613-нің әлеуеті жоғары, 4238-де орта, ал 92-нің ғана әлеуеті төмен деп көрсетілген. Айналдырған 10 жылдың ішінде келешегі жоқ, әлеуеті төмен ауылдар санының 92-ден 2847-ге дейін өсіп кеткендігін қалай түсіндіруге болады?
4. 2015 жылдың 19 мамырында қабылданған «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» Қазақстан Республикасының заңына осы уақытқа дейін қоғамдық талдау жасалынбағанының себебі неде?
5. «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын барлық тиесілі бағдарламалармен үйлестіре отырып Ұлттық бағдарлама ретінде қайта қабылдап, ауылдық аумақтарды дамыту саясатын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қайта беру мәселесіне көзқарасыңыз қалай?

Осыған орай сенатор өзін толғандырған бірқатар маңызды мәселелерге тоқталып өтті.