Депутат ақ қалаттылардың жиі соққыға жығылуына алаңдаушылық танытты.
ERNUR.KZ. «Адам өмірін сақтау үшін арпалысатын ақ халатты жандарды арнайы қызмет көрсетуші өкіл ретінде заңмен қорғауымыз керек. Бұл – уақыт күттірмейтін шешім!» Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев Қарағандыда болған жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жығу оқиғасын айтып, ақ халаттыларды қорғау мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Депутат осындай оқиғалар соңғы кезде жиі тіркеліп жүргенін айтып, алаңдаушылық танытты. Осы күнге дейін депутаттық корпус бірнеше рет медицина жүйесінің қызметкерлерін қорғау үшін арнайы статус бекітуді ұсынған. Алайда Үкімет әлі күнге дейін шешім қабылдаған жоқ.
«Бұл бір ғана оқиға емес. Алматыда автобус жүргізушісін соққыға жығудың қандай қайғылы жағдайға соқтырғанына бәріміз куә болдық. Бұл жария болғандары ғана. Жабулы қазан жабулы күйінде қалғандары қаншама. Сондықтан мұндай жағдайға мүлдем жол беруге болмайды. Өткенде Бишімбаев, бүгін Дәкебаев, ертең кім болады сонда?! Бұл жағдай нені көрсетіп отыр? Ең алдымен, тиісті органдардың өз жұмысына салғырт қарап, құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларын дұрыс ұйымдастырмағанын көрсетеді», - деді Елнұр мырза.Сонымен қатар бұл оқиға көпшілік қарапайым ғана құқықтық қағидаларды білмейтінін байқатады. Олар өз құқығын былай қойғанда, заң алдындағы міндеттері мен жауапкершілігінен де хабарсыз. Мәжіліс депутаты заң мен тәртіп бәріне бірдей қағидатын ұстану әрбіріміздің міндетіміз дейді.
Елнұр Бейсенбаев уәкілетті органдарға келесі шараларды қолға алуды ұсынды:
«Үшіншіден, ұлттық құндылықтардан ада, әдеп пен ар-ұятты артта қалушылық деп санайтын, адамшылыққа жат ойлармен санасы уланған азаматтар қалыптасып келеді. Бұл ешқандай жақсылыққа апармайды. Салдарын көріп отырмыз. Біз заң мен тәртіп үстемдік ететін, әрбір азаматтың құқығы қорғалған, өз өмірі мен денсаулығына қауіптенбейтін әділетті Қазақстанды қалаймыз және оны құрамыз. Президентіміз айтқандай, бізде заң мен тәртіп бұзушылыққа төзбейтін жағдай қалыптасуы керек», - дейді депутат.
- Құқық қорғау органдары қылмыс жасаған Дәкебаевты тез арада табуы тиіс.
- Нұрболат Дәкебаевтың сотын ашық жүргізіп, қатаң жаза тағайындау және оның барысы мен қорытындысы туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты түгел хабардар ету.
- Соңғы уақыттары адамның жеке басына қауіп төндіретін, тіпті оның өмірін қиятын қылмыстар қоғамдық сипат алуда. Сондықтан, тез арада кез келген қылмыстарға қоғамды мүлдем төзбеушілік мәдениетін жаппай қалыптастыруымыз қажет.


