“Сыйақы“ үшін ағаштарды кесуге рұқсат берген: ҰҚК “Семей орманындағы“ схеманы ашты

0
131

Орманды заңсыз кесу тақырыбы билік назарына бірнеше рет іліккен болатын.


“Сыйақы“ үшін ағаштарды кесуге рұқсат берген: ҰҚК “Семей орманындағы“ схеманы ашты

Бейнеден кадр

ERNUR.KZ. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Бас прокуратурамен бірлесіп, ағаш кесуді және сатуды заңсыз ұйымдастырды деп күдікке ілінген "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты лауазымды тұлғаларының әрекетіне тосқауыл қойды, деп жазады tengrinews.kz.

Орман учаскелері ақша үшін үлестірілген

Тергеу мәліметтері бойынша, айыпталушылар ағаштарды жаппай заңсыз кесумен байланысты тұрақты схема құрған.

"Атап айтқанда, олар ақшалай сыйақы үшін ең өтімді орман учаскелеріне кедергісіз кіру мүмкіндігін қамтамасыз еткен", - деп мәлімдеді ҰҚК.

Тінту кезінде не табылды?

Тінту барысында бухгалтерлік құжаттама, ағаш кесуге арналған орман кварталдарын бөлу туралы қолжазба жазбалар, ақша және басқа да заттай айғақтар тәркіленді.

Орман кесу мәселесі туралы не белгілі?

Орманды заңсыз кесу тақырыбы билік назарына бірнеше рет іліккен болатын. 2024 жылы Премьер-министр Олжас Бектенов Абай облысына сапары барысында "Семей орманындағы" жағдай туралы айтып, заңсыз ағаш кесумен күресті күшейтуге шақырған еді. Ол ағаш дайындаумен заңсыз айналысатындарды "мемлекет жаулары" деп атады.

Мәселеге ерекше назар 2023 жылғы маусымда "Семей орманында" болған ірі орман өртінен кейін ауды. Ол кезде өрт 66 мың гектарға жуық орманды шарпып, орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапқан болатын.

Трагедиядан кейін билік орманды қорғауды күшейту және заңсыз кесудің жолын кесу қажеттігін мәлімдеді.

Еске салсақ, бұған дейін ҰҚК ІІМ-мен бірлесіп және прокуратураның үйлестіруімен Қазақстанның бірден 10 өңірінде операция жүргізген болатын. Құқық қорғау органдары ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің әрекетін және олармен байланысты қылмыстық схемаларды, соның ішінде шекара маңындағы аудандар мен қылмыстық-атқару жүйесі нысандарындағы заңсыздықтарды тоқтатты.