Бізге әріптестік жасаймыз деді, бірақ соның біреуі де жасалған жоқ.
ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев елімізде құрылған холдингтердің мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында атқарып жатқан жұмысын бақылап, есеп берудің қажет екенін айтты, деп жазады sputniknews.kz.
Мәжілісмен мемлекеттік-жекешелік әріптестік осыдан ондаған жыл бұрын басталғанын еске салды. Айтуынша, президенттің тапсырмасымен сол кезде Самұрық-Қазына холдингі құрылып, мемлекеттің кепілдігімен, қаупін мемлекет ала отырып, жеке инвестиция тарту мәселесі алға қойылған еді.
"Бүгінде мынадай сұрақ туындайды: осы Самұрық-Қазына, тағы басқа ондаған холдинг құрдық. Солар мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы қанша қаражат тартты? Бұл тұста қарыз ақшаны алып тастайық. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік дамыды ма, жолға қойылды ма? Бүгінгі таңда активі 50 миллиард доллардан асып кететін холдингтеріміз не істеп жатыр?", — деген сауал тастады Өксікбаев мәжілісте мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелері қаралған үкімет сағатында.
Оның айтуынша, қазір шенеуніктер есеп бергенде әлеуметтік мәселелерде әріптестік дамып жатқанын жиі айтатын болған.
"Ол да керек шығар. Бірақ экономикаға үлес қосатын, біздің дамуымызға серпін беретін мәселе холдингтерде жатқан сияқты. Біз осыны неге қолға алмаймыз?", — дейді ол.
Депутат холдингтер мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытатын саланың бірі әрі бірегейі екенін атап өтті.
"Біздің ұлттық экономика министрлігі холдингтердің жұмысына талдау жүргізіп, қанша қаржы кетті, нені дамытты, нені дұрыс жолға қойды, осы мәселелер төңірегінде есеп беретін кез келген сияқты. "Судың да сұрауы бар". Беріп жатқан ақшамыздың қайда кеткенін біз де сұрайық та", — деді ол.
Өксікбаев бір ғана "ҚазАгро" холдингінің шетелден қаржы тартып, ақыр соңында төлей алмай, бюджетке қарап қалғанын айтты.
"Холдингтер инвестор тартып, сол жекешелікті әкелудің орнына, біздің активті өсіргеніміздің арқасында шетелден қарыз ақшаны оңды-солды алып, қарызға батырып жатыр. Бір ғана "ҚазАгроның" өзі 600 миллион еуродан астам қаржы әкеліп, ең соңында есептесе алмай, ақыр аяғында бюджеттен жыл сайын 200-300 миллиард теңге беріп отырмыз. Мұның шегі болуы керек қой! Сонда біз ҚазАгроны неге құрдық?, — деп ашуланды мәжілісмен.
"Бізге әріптестік жасаймыз деді, бірақ соның біреуі де жасалған жоқ. Ал қазір мұның есебін кімнен сұраймыз? Соған жауап беретін бес-алты төраға ауысып кетті. Олар басқа креслоға барып отырып алды. Ешкім ештеңе сұрамайды", — деп түйіндеді Өксікбаев.
Өксікбаев бұлай кете беретін болса, мемлекет тек жекелердің мүддесін қорғаушы ғана болып қалатынын айтып, бұл мәселені қолға алған жөн деді.