Кей жүргізушілер жылына 100-150 рет жол қозғалысы ережесін бұзады екен.
Фото: Stan.kz
ERNUR.KZ. Таяуда сенат депутаты Марат Қожаев үкіметке жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін айыппұлды бір апта ішінде төлегендерге берілетін 50 пайыздық жеңілдікті алып тастау туралы ұсыныс айтып, депутаттық сауал жолдаған еді. Депутат кулуарда не себепті мұндай ұсыныс білдіргенін түсіндірді, деп жазады stan.kz.
Мән-жайды түсіндірген Қожаев бұл ұсыныс жол ережесін жиі әрі қасақана бұзатындарға бағытталғанын атап өтті.
"Мұндай жүйелі тәртіп бұзушыларға келгенде заң дәрменсіз болып қалғандықтан жай ғана айыппұл салынады. Олар күн сайын автобус жолағымен жүріп, қоғамдық көлікке кедергі келтіруі мүмкін, күн сайын жылдамдықты асырады әрі мұны қасақана істейді. Мынадай да жүргізушілер бар – бай-қуатты отбасынан шыққан жас балалар қымбат көліктерге мініп алып, осындай "хай-трек" – ақылы жолдар жасап алған. Олар жылдамдықты асырып, жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндіреді", - дейді Қожаев.
Оның айтуынша, кей жүргізушілер жылына 100-150 рет жол қозғалысы ережесін бұзады екен.
"Бұл ұсынысты дәл солар үшін жасадым. Бір ережені он рет бұзса, он біріншісінде оған 50 пайыздық жеңілдік бермейік. Мұның басқа адамдарға қатысы жоқ, бұл кәнігі жол ережесін бұзушыларға арналады. 195 мыңдай жүргізуші біл жыл ішінде 10 реттен 50 ретке дейін жол қозғалысы ережесін бұзған. 50 реттен 100 ретке дейін бұзғандар – бірнеше мың. Бір жыл ішінде 300 реттен көп жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушілер де бар – ондайлар жүздеп саналады", - дейді депутат.