Депутаттардың жалақысы туралы мәліметті таратуға болмайды - Қаржы министрлігі

0
600

Жалпы мәжілісте - 107, ал сенатта - 49 депутат бар.


Депутаттардың жалақысы туралы мәліметті таратуға болмайды - Қаржы министрлігі

ERNUR.KZ. Парламенттегі бір депутатқа қанша ақша жұмсалатыны туралы ақпарат құпия болып саналады, - деп жазады Tengrinews.kz.

"Парламенттегі бір депутатқа жылына қанша ақша жұмсалады? Біз бұл сұраққа толық жауап беруіңізді сұраймыз: жалақы, автокөлік, пәтер, басымдықтар. Мемлекеттік бюджеттен ақша жұмсалған кезде депутаттар тағы қандай басымдықтарға ие болады?", - деп сұрады редакция Қаржы министрлігінің баспасөз қызметінен.

Министрлік мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы мемлекеттік органдардың есебінен еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне сәйкес жүзеге асырылады деп жауап берді. Құжат үкіметтің 2017 жылғы 16 қазандағы № 646 қаулысымен "Қызметтік пайдалану үшін" белгісімен мақұлданған.

"Ереженің 37-тармағына сәйкес таратылуы шектеулі құжаттар мен басылымдардан алынған мәліметтерді сөз сөйлеуде немесе ашық баспасөзде, радио және теледидар арқылы хабарларда пайдалануға жол берілмейді. Осыған байланысты осы мәселе бойынша ақпарат беру мүмкін емес", - делінген Қаржы министрлігінің хабарламасында.

Айта кетейік, Қазақстан Парламенті екі палатадан тұрады: Мәжіліс және Сенат.

Мәжілісте 107 депутат бар. Оның 98-і саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша сайланады. Мәжілістің 9 депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі - 5 жыл. Мәжілістің 2020 жылғы наурыздағы баспасөз қызметінің мәліметінше, палатада 106 депутат болған.

Ал Сенатта 49 депутат бар. Оның ішінде 15 депутат палатада қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де маңызды мүдделерін қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып тағайындалады. Олардың өкілеттік мерзімі - 6 жыл.