​Домбыраны харам деген ақтөбелік 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

0
100

Азат Қоныс әлеуметтік желіде ішіктік аспаптар, оның ішінде домбыраны да харам деп айтқан.


​Домбыраны харам деген ақтөбелік 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Видеодан алынған скрин

ERNUR.KZ. Азат Қоныс Қылмыстық кодекстің «Діни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша күдікке ілікті. Тергеу аяқталғанша қамауда отырады, деп жазады inform.kz.

Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдікті әлеуметтік желілерде діни негіздегі араздық пен өшпенділікті қоздыруға бағытталған пікір жариялаған. Жедел-іздестіру барысында оның жеке басы анықталып, ұсталды.

— Бірден уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот санкциясымен оған бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұстау түрі таңдалды. Жергілікті тұрғынға қатысты діни араздықты қоздыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталады. Полиция әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдікнемесе діни араздықты қоздыру заңмен қатаң жауапкершілікке әкелетінін ескертеді, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Азат Қоныс әлеуметтік желіде ішіктік аспаптар, оның ішінде домбыраны да харам деп айтқан. Видео әлеуметтік желіде талқыға түсіп, полиция іс қозғады.
Еске салсақ, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі екі жыл бұрын домбыра тарту туралы пәтуа шығарды.
Онда: «Дінді насихаттайтын, халықты отансүйгіштікке, имандылыққа, бірлік пен адамгершілікке шақыратын әндер мен музыкаға рұқсат. Егер музыка пасықтыққа, бұзғыншылыққа, жаманшылыққа, азғындыққа, т. с. с. шариғатымызда тыйым салынған істерге алып барса тыйым салынады. Сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан қазақ халқының ұлттық аспабы — домбыра арқылы ән, терме-толғау шырқап, тыңдаушыны имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке, Отанды қорғауға, ата-анамызды қадірлеуге шақырған. Сондықтан домбыраны тартуға болады», — деп айтылды.