Видеода асүй қызметкерінің қызған май құйылған ыдысты көтеріп келе жатқаны байқалады. Бір сәтте ол тепе-теңдігін жоғалтып, ыдыстың ішіндегі май басқа қызметкерге шашырап кетеді.
фото: видеодан скрин
ERNUR.KZ. Елордалық дөнер желілерінің бірінде жұмысшының абайсызда әріптесінің үстіне қызған май төгіп алған сәті түсіп қалған. Аталған оқиғаның видеосы Threads желісінде тарап, қызу талқыға түсті, деп жазады tengrinews.kz.
Видеода асүй қызметкерінің қызған май құйылған ыдысты көтеріп келе жатқаны байқалады. Бір сәтте ол тепе-теңдігін жоғалтып, ыдыстың ішіндегі май басқа қызметкерге шашырап кетеді.
Жазба авторының айтуынша, оқиға салдары өте ауыр болған. Ол компанияның өз қызметкерінің жарақаты үшін жауапкершілік алудан бас тартқанын мәлімдейді.
"Оның бүкіл арқасы іріңдеп жатыр. Компания ешқандай жауапкершілік алғысы келмейді. Бұл – сұмдық жағдай. Тіпті тері ауыстыру отасы қажет болуы мүмкін", – делінген жазбада.
Оқиға видеосы желіде кең тараған соң, компания ресми түсініктеме берді. Олар жарақат алған қыздың емделу ақысы төленбеді деген ақпаратты жоққа шығарды.
"Аталған жағдай расында бір айдан астам уақыт бұрын біздің дәмханалардың бірінде болды. Бұл – өте өкінішті жағдай: қызметкердің үстіне абайсызда ыстық май төгілді. Біз бірден барлық қажетті көмекті көрсеттік, зардап шеккен қыздың ата-анасымен кездестік, ем-домын толық өтеп, өтемақы төледік", – делінген компанияның Instagram парақшасында жарияланған мәлімдемеде.
Бұл жағдайға байланысты Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Астана қалалық полиция департаментіне сұрау салынды.
"Егер қызметкер жұмыс орнында болған жазатайым оқиғадан кейін ем-дом шығындары өтелмеді немесе өтемақы төленбеді деп есептесе, бірақ жұмыс берушімен келісімге келе алмаса, тұрғылықты жері бойынша еңбек инспекциясына жүгінуі қажет. Әрбір жағдай жеке қаралады", – деп жауап берді министрліктің баспасөз қызметі.