Депутат отандық денсаулық сақтау жүйесін донорлық қан компоненттерімен қамтамасыз етуге 250-жуық донор қатысатынын атап өтті.
ERNUR.KZ. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Ақмарал Әлназарова адам өмірін аман алып қалатын донорлар 923 ғана алатынын айтты, деп жазады stan.kz.
"Жаңа технологиялар еніп жатқанына қарамастан, науқасты емдеуде донорлық қанның қаншалықты маңызды екенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұрынғыша, кей жағдайда адамның өмірі қан бар ма және донор табыла ма деген сұраққа келіп тіреледі. Қан компоненттері мен препараттары арқылы ғана емделетін бірқатар дерт бар. Олардың қатарына гемофилия, лейкоз, ауыр жарақат алған кезде көптеп қан кету жатады", - дейді депутат.
Сенатордың сөзінше, бір жылда елде 380-нен астам қан құйылады, донорлық қан өнімдерін 100 мыңға жуық адам алады.
"Кейінгі бес жылда науқастар саны 14,4%, қан құю саны 13,6% артты. Қазіргі демографиялық үрдісті ескерсек, донорлық қан қажеттігі алдағы 10 жылда да арта береді. Елдің даму көрсеткіші пайдаланылатын қан мөлшерімен, қан компоненттерінің әралуандығымен де бағаланатыны белгілі. Мәселен, тромбоциттер сынды жоғары технологиялық жасушалы компоненттер елде онкогемотология, трансплантология, хирургияның жағдайы қандай екенін көрсетеді. Қазақстанда тромбоциттерге деген сұраныс кейінгі бес жылда 27% артқан. Дегенмен, соған қарамастан тромбоциттерді пайдалану көрсеткіші 1 млн тұрғынға шаққанда 2500-ден аспайды. Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 1 млн тұрғынға 40 000-ға жеткен"- дейді ол.
Депутат отандық денсаулық сақтау жүйесін донорлық қан компоненттерімен қамтамасыз етуге 250-жуық донор қатысатынын атап өтті.
"Олардың ішінде 48%-і – тұрақты донор. Олар ең қауіпсіз донор саналады, себебі инфекциялардың бар-жоғын тексертіп, скринингтен өтіп тұрады. Қанның бір донациясы 2-3 науқасты емдеуге пайдаланылса, 1 литр плазма алу үшін 4-5 донордың қаны қажет", - дейді ол.
Сонымен қатар Ақмарал Әлназарова ерікті донорлардың денсаулығын мұқият бақылауға шақырды.
"Донор қан тапсырған күні жоғалтқан килокалорияның, микроэлементтердің орнын толтырып, анемияға шалдықпас үшін дұрыс тамақтануы қажет. Қазіргі уақытта донорлар өтемақы ретінде 0,25 АЕК немесе 923 теңге алады. Бұл ерікті донорларды ұстап тұруға жеткіліксіз екені анық. Ондаған жыл ішінде бұл мәселе бірнеше рет көтерілгенімен, лайықты түрде назарға іліге алмай келеді. Бірқатар елде донорларға қосымша қолдау көрсетіледі. Кейбірі жол шығынын көтереді. Бұл донорлықты танытуға көп септігін тигізіп жатыр", - дейді ол.
Депутат премьер-министрден тұрғындардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында және төтенше жағдай, табиғи немесе техногендік апаттар бола қалған жағдайда қан қоры жеткілікті болу үшін донорлардың өтемақысын 0,25 АЕК-тен 1,25 АЕК-ке көтеруді сұрады.