Джо Байден мен Си Цзиньпин Калифорнияда кездесті

0
491


Джо Байден мен Си Цзиньпин Калифорнияда кездесті

АҚШ президенті Джо Байден мен Қытай төрағасы Си Цзиньпин Азия-Тынық мұхиты елдерінің экономикалық ынтымақтастығы жыл сайынғы саммиті (АТЭС) аясында жабық есік жағдайында келіссөз жүргізді. Каzinform агенттігінің тілшісі бұл туралы NBC News-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Джо Байден Си Цзиньпинді Калифорниядағы (АҚШ) Вудсайд қаласының «Filoli Estate» мұражай үйінің жанында төселген қызыл кілемде қарсы алды. Америка президенті қытайлық әріптесін қарсы алу үшін ғимараттан бірінші болып шықты. Си Цзиньпин келген соң екі көшбасшы саммит ғимаратына кірер алдында қол алысып амандасты.

Сөз басында Джо Байден Си Цзиньпинге АҚШ-қа сапары үшін алғыс айтып, Қытай басшысымен Балидегі соңғы кездесуін еске алды.

Америка президенті сондай-ақ көшбасшылар бәсекелестіктің ушығып, қақтығысқа айналуына жол бермеу үшін күш салуы керек екенін атап өтті.

«Мен біздің әңгімемізді бағалаймын, себебі сіз және мен бір-бірімізді көшбасшы ретінде жақсы түсінуіміз керек деп ойлаймын. Бұл ретте біз ешқандай қателікке, жол бермеуіміз керек», - деді Джо Байден.

Ақ үй басшысы көшбасшылардың өз қауымдастықтары алдында бірлесіп жұмыс істеуге, соның ішінде климаттың өзгеруі, есірткінің заңсыз айналымына қарсы тұруға және жасанды интеллект тәсілдеріне жауапты екенін атап өтті.

Си Цзиньпин бір жыл бұрын Балиде АҚШ президенті Джо Байденмен соңғы кездескенін, одан бері әлем өзгергенін атап өтті.

«Әлем Covid-19 індетінен айықты, бірақ оның әлі де үлкен әсері бар. Әлемдік экономика қалпына келе бастады, бірақ оның қарқыны баяу», - деді Си Цзиньпин.

Си Цзиньпин Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасы соңғы 50 жылда жайлы болмағанын, алайда олар барлық кедергілер мен қиындықтарды еңсере отырып алға жылжып келе жатқанын атап өтті.

«Бір тарап екіншісін өзгертуі мүмкін емес, ал қақтығыстар мен конфронтация екі тарап үшін де ауыр зардаптарға әкеледі», - деді Си Цзиньпин.

Қытай басшысы саммит барысында түрлі әлемдік мәселелер бойынша пікір алмасуға үміт білдірді.

Екі көшбасшы да кіріспе сөз сөйлегеннен кейін кездесуді бастау үшін баспасөз өкілдері залдан шығарылды. Екі басшы да әкімшіліктің көптеген жоғары лауазымды шенеуніктерімен ұзын үстел басына отырды.

Кездесу жергілікті уақыт бойынша сағат 11:23-те басталды.

Бөлісу