Тоқаев Қытайдың бірқатар компания жетекшілерін қабылдады

0
66

Кездесу аясында энергетика, цифрландыру және қаржы салаларындағы жобаларды бірлесе жүзеге асыру перспективасы талқыланды.


Тоқаев Қытайдың бірқатар компания жетекшілерін қабылдады

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қытайдың бірқатар компания жетекшілерін қабылдады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Hong Kong Sino-Science Oil and Gas компаниясының басшысы Инь Цайванмен, VNET Group басшысы Чэнь Шэнмен, Shanghai Junhe Atomic Technology басшысы Тянь Цзяшумен және Silk Road Finance Corporation басшысы Ли Шаньмен кездесті.

Кездесу аясында энергетика, цифрландыру және қаржы салаларындағы жобаларды бірлесе жүзеге асыру перспективасы талқыланды.

Мемлекет басшысы екі елдің жан-жақты стратегиялық серіктестігінің мазмұнын технологиялық және өнеркәсіптік тұрғыдан байыта түсу маңызды екеніне назар аударды. Президенттің айтуынша, Қытайдың жетекші компанияларының елімізге келуі Қазақстанға деген сенімнің жоғары екенін айғақтайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Инь Цайван мен ол басқарып отырған компанияға «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумын ұйымдастыруға үлес қосқаны үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Hong Kong Sino-Science Oil and Gas компаниясы Қазақстанға 3 миллиард доллардан аса инвестиция құйып, мұнай-газ саласындағы негізгі кәсіпорындардың біріне айналғанын атап өтті.

Әңгімелесу барысында VNET Group директорлар кеңесінің атқарушы төрағасы Чэнь Шэн Деректерді өңдеу орталықтары алқабын және жасанды интеллект инфрақұрылымын жасақтау ісіне қатысу ниетін жеткізді.

Президент Қазақстанның қытайлық компаниялармен инвестиция тарту, технологияларды локализациялау, бірлескен зерттеулер жүргізу, таланттарды қолдау және құзыреттер орталығын құру секілді басты бағыттар бойынша тығыз ықпалдастық орнатуға әзір екенін растады.

Shanghai Junhe Atomic Technology компаниясымен технологиялық ынтымақтастық аясында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану перспективті бағыт ретінде аталды. Бұл ретте табиғи уран өңдеу мен ядролық отын өндіруден бастап шағын модульді реакторлар орнатуға дейінгі толық өндірістік тізбек құру аса маңызды.

Қытай компанияларының басшылары Қазақстандағы инвестициялық климатты жақсарту қадамдарына, сондай-ақ елде жүргізіліп жатқан іргелі реформаларға жоғары баға берді. Олар мемлекеттік институттарды жетілдіру шараларын елдегі ұзақмерзімді тұрақтылықтың нышаны ретінде қабылдайды.

Қытай компанияларының өкілдері дәстүрлі энергетика секторымен қатар, ел дамуына бағытталған басқа да салалар мен жобаларға инвестиция көлемін ұлғайтуға дайын екенін айтты.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан – Қытай" инвестициялық форумында сөз сөйледі. Форум басталар алдында қатысушылар Маңғыстау облысындағы қайғылы жағдайда қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытайдың мәңгі және жан-жақты стратегиялық серіктестігінің тарихи негізі берік әрі тату көршілік пен өзара сенім рухында тың қарқынмен дамып келе жатқанына назар аударды.