Таудағы қожалықта бірнеше ай малшы болған өзбекстандық ер адам екі әйелді бауыздап өлтіріп, мәйіттерін тапшанның астына жасырған.
иллюстрациялық фото
ERNUR.KZ. Жамбыл облысында екі әйелді асқан айуандықпен өлтіріп қашып кеткен күдікті өзін де қол салған. 54 жастағы Өзбекстан азаматын бір айдан аса іздеген полицейлер жуырда оның асылып тұрған мәйітін тауыпты, деп жазады ktk.kz.
"Жедел-іздестіру шарасында 27-маусымда Тұрар Рысқұлов ауданынан өзіне қол жұмсау белгілері бар мәйіт табылды. Жеке заттарын қарай келе, оның қожалықтағы қылмысты жасаған күдікті екені анықталды. Марқұмның нақты неден қаза тапқанын анықтау үшін бірқатар сараптамалар тағайындалды" - дейді Жамбыл облыстық ПД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.
Адам шошырлық қылмыс мамыр айында Тұрар Рысқұлов ауданы Мамай ауылында болған. Таудағы қожалықта бірнеше ай малшы болған өзбекстандық ер адам екі әйелді бауыздап өлтіріп, мәйіттерін тапшанның астына жасырған. Марқұмдардың бірі – 50, екіншісі 38 жаста.
Қанды қылмыс болған қожалықтың жергілікті учаскелік полицей мен оның анасына тиесілі екені белгілі. Бірақ бұл оқиғадан соң тәртіп сақшысы іле-шала өз еркімен жұмыстан шығыпты. Жұрттың жағасын ұстатқан оқиға болған жерден бүкіл малын алып кеткен. Айуандықпен өлтірілген екі әйелдің жақындары қылмысты жалғыз адамның істеуі мүмкін емес деп болжады. Ал күдікті асылып қалған оқиғаның мән-жайын полиция ашып айтпай отыр.