Екібастұз тұрғынын көңіл жарастырған азаматы жол үстінде соққыға жықты

0
334

Ер адамға қатысты әкімшілік іс қозғалды.


Екібастұз тұрғынын көңіл жарастырған азаматы жол үстінде соққыға жықты

ERNUR.KZ. Екібастұз тұрғынын көңіл жарастырған азаматы жол үстінде соққыға жықты. Әйел адам ауруханаға барғаннан кейін денесінің көгергені анықталды. Ол өзін ұрып-соққан адамның үстінен арыз жазды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аға инспектор Қайыргүл Ибраева бірнеше күн бұрын сағат 01:30 шамасында кезекті жаттығудан кейін Ленин кентіне үйіне таксимен келе жатқан сәтте жолдың шетінде тұрған көліктің жанында ер адам әйелді ұрып жатқанын көріп қалған. Жақын жерде бала тұрған. Полиция қызметкері жүргізушіден көлікті тоқтауын сұрап, оларға қарай жүгірген. Полицейді көрген кезде жәбірленуші әйел көмекке шақырып, айқайлай бастаған.

«Кішкентай ұлым екеумізге көмек көрсеткені үшін Қайыргүл Ғосманқызына алғысымды білдіргім келеді. Егер полиция қызметкері көмектеспесе, бұл оқиғаның немен аяқталатыны белгісіз еді. Осындай қызметкерлер бар екеніне алғысым зор», - деді Екібастұз қаласының тұрғыны.

Ер адам форма киген полицейді көрген бойда дереу тоқтап, көлікке мініп, кетіп қалған. Полицей зардап шеккен әйелді баласымен бірге таксиге отырғызған соң «102» нөміріне қоңырау шалып, олармен бірге автопатрульдің келуін күткен. Сондай-ақ, полиция қызметкері әйелдің телефон нөмірін алып, қоңырау шалу арқылы жағдайын біліп отырған.

Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері ер адамға қатысты отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша әкімшілік іс қозғады. Сондай-ақ, қорғаныс туралы бұйрық шығарды.