5 маусым – Қоршаған ортаны қорғау күні.
Бүгін 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Шындыққа тіке қарасақ, айналамыздағы экологиялық проблемалар қазіргі қоғамның айықпас дертіне айналғандай. Дегенмен, көптеген адам осы мәселемен күресіп, табиғат жанашыры ретінде белсенділік танытып келеді. Солардың бірі де бірегейі, эколог, «Байтақ» жасылдар партиясының белді мүшесі Ғани Назарбек. Осы ретте табиғат саласында білері көп азаматты сұхбатқа шақырып, бірнеше сауалға жауап алған едік.
- Ғани мырза, алдымен 5 маусым – Қоршаған ортаны қорғау күнімен құттықтаймын. Енді айтыңызшы, бұл датаның тарихы, адамзат әлеміндегі мән-маңызы қандай?
- Бұл дата 1972 жылы Біріккен ұлттар ұйымының шешімімен «Дүниежүлік қоршаған ортаны қорғау күні» болып бекітілген. Сәйкесінше бұл күн табиғатқа, ел мен жерге жаны ашитын барша азаматтың мерекесі деп ойлаймын. Олардың қатарына экологиялық белсенділер, экологиялық бағыттағы журналистер, табиғат қорғау мекемелері, орманшылар, су шаруашылығының мамандары, табиғат қорғау прокуратурасы мен табиғат қорғау полициясы және т.б. сала қызметкерлерін қосуға болады. Бір сөзбен айтқанда, бұл күн – тұтас адамзаттың мерекесі.
Табиғат – қоғамды біріктіретін ұғым. Олай дейтініміз, дүниежүзіндегі құс түрлерін зерттеушілердің де, жануарларды зерделеушілердің де және өзге бағытта жұмыс істейтіндердің де өз ортасы қалыптасқан. Мәселен, бүгін Ресей, Өзбекстан, Индия секілді елдердегі әріптестерімізбен құттықтау хатын алмасып, қарым-қатынасымызды одан әрі нығайтып жатырмыз. Бұдан басқа уақыттарда да тәжірибе алмасып, бір-біріміздің білімімізді толықтырып, тың идеяларды ортаға салып отырамыз.
- Сіздің табиғат жанашыры екеніңізді көпшілік жақсы біледі. Бұл салаға қалай келдіңіз, бойыңыздағы табиғатты қорғау сезімі қашан пайда бола бастады?
- 2011 жылы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жануарлар дүниесінің өсімін молайту бөліміне маман болып жұмысқа орналастым. Бірақ ол кезде табиғатқа деген көзқарасым толық қалыптаспаған. Көп нәрсені терең түсінбейтінмін. Себебі, бұл саланың оқуын оқымағанмын. Дегенмен сондағы тәжірибелі мамандардың арқасында қоршаған ортаның үйлесімділігін, биоалуантүрлілікті, табиғаттың сақталуы біздің әрекеттерімізге қаншалықты байланысты екендігін ұғындық, біраз нәрсені үйрендік. Жануарлар түрлерінің жойылуы немесе азаюы өзге тараптарға қалай әсер ететінін меңгердік. Солай-солай табиғатқа деген оң көзқарас, жанашырлық қалыптаса бастады.
Бастапқыда экологиялық туризммен айналысып жүрдім. Бірақ кейіннен оның экологиялық емес, жабайы туризм екендігін түсіндім. Өйткені, сол бір жылдай уақыт ішінде таулардағы көлдерге, сарқырамаларға із салып, адамдар үшін жол аштық. Бірақ, оның табиғатқа залалы орасан екендігіне біраз уақыттан кейін көзіміз жетті. Адам көп барғандықтан өсімдіктер дүниесі зардап шегіп, өзге жаққа ауу салдарынан аң-құстар азайып, қоқыс көбейді. Тіпті орманшылар қалдықтарды тазалап үлгермей жатты. Мұны басында білмедік. Мақсат - туризмді дамыту, мемлекет бюджетіне қаржы түсіру болды. Осылайша, экологиялық туризм тауға шығып, шай ішіп, суретке түсіп қайту емес екендігін ұқтық. Алайда, бұл үрдіс әлі де жалғасып, туристер тауға жай ғана контент жасау үшін баратын жағдайға жеттік. Ал, шын мәнінде экологиялық туризм – табиғатты тану, қоршаған ортаны сезіну, өсімдіктердің иісі мен әдемілігінен ләззат алу, құстар мен жануарларды зерделеу. Яғни экологиялық туризмді дамыту үшін ғылымды дамыту қажет.
Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жүріп біршама ғалыммен таныстық. Сол ғалымдардың арқасында біздің қоғамда шын мәнінде қандай экологиялық проблемалар болып жатқанын түсіндік. Содан кейін ғана әрекетіміз дұрыс бағытқа түсті. Қайрат Кәрібаев, Сейдалы Дүйсебайұлы, Асхат Шотаев сынды табиғат жанашырларымен бірлесіп, «Өрнек» атты топ құрып, пайдалы жұмыстар атқардық. Бізге бағыт-бағдар беріп, қоғамдық жұмыспен айналысуымызға мұрындық болған – өз кезеңінің өте мықты журналисі, марқұм ағамыз Кеңес Исмайлов пен Алексей Гончаров болатын. Мәселен, сол жылдары қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды Отандастарымыздың қалай болса солай жұла беретінін көріп, оларды қорғау, адамдардың экологиялық мәдениетін көтеру бойынша ауқымды жұмыс атқардық. Соның арқасында қызғалдақты көше бойында сату, қызғалдақпен түскен фотоны әлеуметтік желіге жүктеу сияқты әрекеттер тоқтады.
Дегенмен, 3-4 адамның экологиялық проблеманы реттеуге шамасы келмейтіні анық. Сол кезде қазіргі «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевтың желідегі жазбасын оқып, «жасылдар» партиясын құруға қол жинап жатқандығын білдік. Сөйтіп, мұндай ауқымды жұмыстарды атқару үшін салмақты саяси ұйымның мүшелігіне қабылдандық. Қазір де бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып жатырмыз.
- Айналадағы проблемалар жүректі сыздататын кездер көп бола ма?
- Табиғат жанашыры үшін айналадағы экологиялық проблемалардың барлығы ауыр тиеді. Өйткені, ол мәселелердің салдарын тереңірек білеміз. Мәселен, су көздеріне қалдықтардың төгіліп жатқанын көргенде табиғатпен қатар, адамдардың денсаулығын да ойлап, жүрегің ауырады.
- Қателеспесем, қазір табиғатты қорғау саласында қызмет етесіз. Оған қоса «Байтақ» жасылдар партиясының саяси мүшесісіз. Осы қос қызмет аясында нақты қандай істермен айналысып жүрсіз?
- Қазір «Байтақ» жасылдар партиясының саяси кеңесінің мүшесімін. Партияның қарқыны бәсеңдемей, жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Ақбөкендер, қоқысты қайта өңдеу, су сапасы сынды бағыттарды мысалға келтірсек болады.
Сондай-ақ, Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің ғылыми қызметкерімін. Құстар және жануарлар дүниесімен айналысамын. Әлеуметтік желілердегі көптеген дабылдарымыз еленіп, мәселелер реттеліп келеді. Сонымен қатар, облыс әкімі де сала мамандарына нақты тапсырмалар беріп жатыр. Бұл жұмыстар да нәтижесін береді деп ойлаймын. Бірақ, өңірдегі проблемалар 1-2 күнде шешіле қоймайтынын ескеру керек. Ең бастысы – біз көтерген мәселелер назардан тыс қалмай, мемлекеттік органдар поблемаларды реттеуге тырысып, жұмыстар бастау алып жатыр. Басты проблемалар – тұрмыстық қатты қалдықтар, құрылыс қалдықтары мен су көздеріне құйылатын кәріз жүйесінің қалдықтары. Енді проблемаларды шешудің алгоритмдері қажет.
- Дүниежүзінде және Қазақстанда қоршаған ортаны қорғауға қатысты қандай өзекті проблемалар бар?
- Негізі мәселе – заңда. Айталық, кейде құзырлы органдар табиғатқа зиян келтіріп жатқандарға бейжай қарайды. Оның ішінде заңсыз карьерлер, қоқысты арнайы орынға тастамайтын компаниялар, мал сою орындары және т.б. бар. Өкінішке қарай, құзырлы мекемелер оның барлығы не істеп жатқандығын біле тұра, нақты шаралар қолданбайтын кездер жиі орын алады. Біздің ең әлсіз тұсымыз осы.
Содан соң, бізде көптеген іс-шара Президенттің араласуымен ғана ауқымды түрде өткізіледі. Біраз уақыт өткесін тоқтап қалады. Сондықтан біздің айналамыздағы экологиялық бастамалар тұрақты түрде өткізіле берсе деп ойлаймын. Оған қоса арнайы заңның талаптары өз деңгейінде орындалып, құзырлы органдар жауапкершілікті өз мойындарына алса, біраз кемшілік түзелер еді.
Ал, дүниежүзілік проблема – ғаламдық жылыну. Біз энергия өндіру үрдісінде мұнайды, көмірді және басқа заттарды тым көп пайдаланып, атмосфераға үлкен көлемде шығын тастап жатырмыз. Нәтижесінде озон қабаты бұзылып, ғаламдық жылыну жүріп жатыр. Оның зардаптарын көпшілік білетін болар. Проблеманың алдын алу бойынша түрлі бастамалар сөз болады, бірақ нақты нәтиже жоқ.
- Қоршағаны ортаны қорғау үшін адамзаттың бойында қандай құндылықтар болуы керек деп ойлайсыз?
Адам бойында ең бастысы туған жерге, қоршаған ортаға деген махаббат болуы керек. Одан кейін білім беру саласына экологиялық тәрбиені енгізу керек. Қазір бұл бағытқа көңіл бөлінбейді деп айтуға болады. Сосын қарапайым адамдар өздерінің экологиялық құқығын талап етуді әдетке айналдыруы қажет. Яғни таза сумен қамтамасыз етуді талап ету, оны бұзып жатқандар бойынша құзырлы органға хабар беру сынды ұғымдарды қалыптастыруымыз керек.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Б.Мейірханұлы,