Оқиғаны жолдан өтіп бара жатқан жүргізушілер видеоға түсіріп алған.
фото: AFP 2024 / APU GOMES
ERNUR.KZ. Қызылорда облысында полиция қызметкерлері электр сымдарына қатқан мұзды қолмен тазартып жатқаны жайлы видео тарады, деп жазады sputnik.kz.
Оқиға 26 ақпанда болған.
"Олар Жалағаш кенті Қазыбек би көшесінің бойында ауа райының қолайсыздығынан электр сымдарына қатып қалған мұзды тазартты. Өйткені электр сымдары төмен түсіп, жүк көліктерінің қозғалысына кедергі болған", - дейді облыстық полиция департаменті.
Жалаң қолмен мұзды тазалап жүргендер – полиция аға лейтенанты Жолдас Нұрлыбек пен полиция лейтенанты Жақсыбай Әсет. Олар электр сымдарына қатқан мұзды түсіріп, жол қозғалысына төнген қауіпті жойды.
Әлеуметтік желіде полицейлерге алғыс айтқан адамның қарасы көп. Кейбірі полицияны тоқ соғып алмады ма екен деп алаңдап жатыр.
"Полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби іс-әрекетінің нәтижесінде көлік қозғалысы қалпына келтірілді", - дейді облыстық полиция департаменті.
Қызылорда облысында ауа райының күрт өзгеруіне байланысты 25-26 ақпанда "Қарабұтақ-Шымкент- Қызылорда" автожолы, яғни Ақтөбе шекарасынан Түркістан шекарасына дейінгі аралықта барлық көлік құралы үшін уақытша шектеу қойылды.
Автожол бойынан 14 жерден уақытша тұрақты бекеттер ашылып, жақын жерлерде орналасқан тұрақтарға, кемпингтерге және қонақ үйлерге көлік құралдары кіргізілді. Сонымен қатар полицейлер жүргізушілерге сақтық шараларын ескертті.


