Бұл статистика ҚХР туристерінің Қазақстан қонақүйлерін брондау өсімі бойынша жасалған.
Фото: inbusiness.kz
ERNUR.KZ. Мұндай ақпаратты "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
Жалпы, статистикалық деректерден Қытайдың туристік нарығында Қазақстанның өз позициясын нығайтып жатқанын байқау қиын емес. Tongcheng Travel ірі онлайн-туристік компаниясы еліміздің ҚХР-да халықаралық қонақүйлерді брондаудың ең жоғары өсімі байқалған 5 шетелдік бағытқа енгенін айтады.
Қытай елі әрқашан шетелдегі ұзақмерзімді топтық турларға қызығушылық танытып келеді. Олардың саны жылдық көрсеткішпен салыстырғанда биыл екі есеге артқан. Мереке күндері ҚХР туристері Орталық Азия, Таяу Шығыс және Африканың бірқатар еліне саяхаттаған. Көшбасшылар бестігіне Сауд Арабиясы, Мысыр, Жаңа Зеландия, Қазақстан және Біріккен Араб Әмірліктері еніп отыр.
– Қазақстан Қытай аудиториясы үшін тартымды бағытқа айналып келеді. Биылғы 9 айда ғана елімізге ҚХР келушілер қатары 675 мыңнан асты. Ал өткен жылдың 12 айында бұл көрсеткіш 655 мың адамды құраған болатын. Бұл елімізге деген жоғары қызығушылықты және Қытайдың туристік нарығында елімізді ілгерілету, визалық рәсімдерді жеңілдету және екі ел арасындағы тікелей әуе қатынастарын кеңейту бойынша жүйелі жұмыстың тиімділігін көрсетеді, – деді "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.
Еске салайық, ҚХР ірі іздеу жүйесі Baidu деректеріне сай, 2025 жылғы қыркүйекте Қазақстан жайлы ізденістер саны тәулігіне орта есеппен 420-430 мыңға жеткен. Ең жоғары белсенділік – Гуандун мен Чжэцзян провинцияларында, Бейжің қаласында, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында. Одан өзге Шандун провинциясында да жақсы көрсеткіш байқалады.