Елімізде алғаш рет қарт адамға гибридті операция жасалды

0
1 391

Мұндай бір операцияның бағасы шамамен 15-20 миллион теңгенің шамасында


Елімізде алғаш рет қарт адамға гибридті операция жасалды

ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасы Президенті іс басқармасы ауруханасының кардиохирургтері 74 жастағы қарияның жүрегіне жасанды клапан орнатып, қан айналымына жауапты тамырларды қалпына келтіріп берді, деп жазады 24.kz.

Бұл қос бірдей операция бір уақытта жүзеге асты. Юрий Дударев осыдан санаулы күн бұрын 74-ке толды. Туған күніме жасалған ең үлкен сыйлық - өмір. Қария осылай қалжыңдайды. Жаңа жыл қарсаңында ол Президент іс басқармасына қарасты ауруханаға ауыр жағдаймен түсіпті. Серік Меңдіқұлов және Рустам Рахимов есімді қос кардиохирург қарияның жүрегіне бір мезетте екі операция жасап, ажалдан арашалап алды. Қазір, науқастың беті бері қарады.

Юрий Дударев, Астана қаласының тұрғыны: - Қазір өзімді жақсы сезінемін. Жағдайым жаман емес. Операция сәтті өткенімен, оған шыдау маған қиынға соқты. Тәнім әлсіреп, салмақ жоғалттым. Алайда мені аман алып қалған дәрігерлерге алғысым шексіз. Бастапқы кезеңде науқастың жүрегіне транс катетерлі әдіспен жасанды клапан орнатылды. Ал содан кейін қан айналымына жауапты тамырлары қалпына келтірілді. Ескеретін жайт, қос операцияның арасы үзілген жоқ. Бұл әдістің гибридті деп аталатыны да сондықтан.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші: - Мұндай жасалған операциялардың барлығы таспаға түсіріледі. Ондағы мақсат процеске сырт көзбен қарап, кем-кетікті түзету. Мәселен, бұл Юрий Дударевке жасалған операциядан үзінді. Сондай-ақ бұл монитордың тағы бір ерекшелігі арғы бөлмеде болып жатқан іс-әрекеттерді онлайн режимде бақылауға болады.

Рустам Рахимов, ҚР ПІБ Медицина орталығы ауруханасының кардиохирургі: - Отаның бұл түрі соңғы бірнеше жылда әлемде кеңінен тарап келеді. Яғни, бір мүшеге бірнешеуін жасау. Медицинада ашық және миниинвазинді операция деген ұғым бар. Біз оларды жүрек қан тамырлары, сондай-ақ жүрек қан тамырлары және бас мойын тамырларына қатар қолданып жүрміз. Бұл науқастың пышаққа қайта-қайта ілінбеуі үшін қажет екен. Ескеретін жайт, мұндай бір операцияның бағасы шамамен 15-20 миллион теңгенің шамасында. Ал мемлекет бір науқасқа 6 миллион 600 мың теңге бөледі. Қалғаны медициналық мекеменің мойынында.

Серік Меңдіқұлов, ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы директорының орынбасары, кардиохирург: - Мұндай операцияларға деген сұраныс елімізде жыл сайын артады. Осы тұста мына мәселеге атап өткен жөн. Бізде транскатетерлі биологиялық протездер көп емес. Себебі өндіруші біреу ғана. Ал қалғандары қымбат болған үшін сатып ала алмайды. Жаңа медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген соң, бұл мәселе шешімін табады деп үміттенемін.

Жалпы мұндай операция санаулы елде ғана тіркеліпті. Ал қазақ кардиохирургтері жасаған бұл күрделі операция жалпы тізімде сегізінші тұр деген мәлімет бар.