ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстанда бала туу көрсеткіші артып келе жатқанын айтты.
ERNUR.KZ. ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстанда бала туу көрсеткіші артып келе жатқанын айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Отбасы күні қарсаңында бүгінгі жиынды маңызды кездесу деп ойлаймын. Қазақстанның әлеуметік саясатында отбасы институты басым бағыттардың бірі. Елбасымыз атап өткендей, отбасы - ең үлкен бақыт, барлық жақсылық содан басталады. Осы бағытта «Қазақстандағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» қабылданды. Балалар құқығы жөніндегі уәкіл институты құрылды. Отбасы күні белгіленді. Алдағы күндері «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізілетін болады», - деді Мемлекеттік хатшы Астанада өткен «Қазақстандық қоғамды жаңғырту процесіндегі отбасының рөлі» атты дөңгелек үстелде.
Гүлшара Әбдіқалықова атап өткендей, тұжырымдамада негізінен отбасы институтын бекемдеу, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, өскелең ұрпақты физикалық, интеллектуалдық және рухани тұрғыдан дамуы қамтылғанын айтты.
«Отбасым – отаным, бірлігім деп білетін қазақстандықтар үшін оның құндылықтарының орны үлкен. Міне, сондықтан бүкіл аймақтарда отбасы институтын дамыту мен бекемдеу бойынша жүйелі түрде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Отбасылық саясаттың маңызды бөліктерінің бірі - балалы отбасыларға әлеуметтік көмек беру болып табылады. Өздеріңіз білетіндей, 2003 жылдан бастап бала туған да бір жолғы жәрдемақы беріледі. 2006 жылдан бастап барлық отбасыларға баланың 1 жасына дейінгі күтімі үшін мемлекет тарапынан ақы төленеді. 2008 жылдан бастап жұмыс істеп жүрген әйелдер үшін жүктілігіне, ана болуына байланысты міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілді. Ал соңғы 10 жылда балалы отбасыларды қолдауға бағытталған бюджеттің қаржыландыру шаралары 5 есеге көбейтілді», - деді ол.
Мемлекеттік хатшы атап өткендей, ана мен баланы қолдаудың тиімді шаралары өзінің оң статистикасын көрсетіп отыр. Осылайша, 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда 192658 бала дүние есігін ашқан.
«Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 3409 балаға көп. Сондай-ақ, азаматтардың денсаулығы, ана мен баланың денсаулығын сақтау бағытында шаралар қабылдануда. Осының нәтижесінде, 2017 жылы ана өлімі 1,5 пайызға, нәресте өлімі 7 пайызға азайды. Аймақтарда 60 ҮЕҰ-ның қатысуымен отбасы құруды жоспарлау, ана мен баланың денсаулығы сақтау бойынша 112 әлеуметтік жоба іске асырылды. Бес жасқа дейінгі балаларға патронаждық профилактикалық бақылау жүргізіліп, бала асырап алған отбасыларды қолдау мақсатында 600-ге тарта бала денсаулығы кабинеті ашылды. Әкелердің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру үшін Ұлттық комиссия «Әкелер одағы» ҚБ арқылы барынша әкелер қозғалысын қолдап келеді. Аталған одақ осыған дейін республикада бірқатар шараларды өткізді», - деді Г. Әбдіқалықова.