Пойыздар қозғалысының қауіпсіздігіне қатер төндіретін өрескел бұзушылықтарға байланысты тексеру кезінде 127 теміржол және 108 бағыттамалы бұрмаларды пайдалану тоқтатылды.
ERNUR.KZ. ҚР ИИДМ Көлік комитеті магистральдық және станциялық жолдарды күтіп ұстауға жауап беретін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ магистральдық теміржол желісі дирекциясының филиалдарында теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тексеру жүргізді, деп жазады baq.kz.
Арнайы жабдықтар мен мобильді диагностикалық кешенді қолдана отырып, теміржолдар мен бағыттамалы бұрмаларды тексеру нәтижесінде (тексеру қазан айында Қазақстанның барлық өңірінде жүргізілді) жолаушылар мен жүк пойыздары жүретін теміржолдарда қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндіретін 1000-нан астам бұзушылық анықталды.
Тексеру қорытындысы бойынша теміржолдарды күтіп ұстау бойынша бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді.
Пойыздар қозғалысының қауіпсіздігіне қатер төндіретін өрескел бұзушылықтарға байланысты тексеру кезінде 127 теміржол және 108 бағыттамалы бұрмаларды пайдалану тоқтатылды. 350 жылдамдық шектеуі берілді, сондай-ақ арнайы жылжымалы құрамның 56 бірлігі пайдаланудан қалып қойды. Бұзушылықтарды жойғанға дейін ШҚО, Павлодар, Қостанай, Қарағанды облыстарында және басқа да облыстарда бірнеше теміржолдың қызметі толығымен тоқтатылды. Бұл жолаушылар және жүк пойыздарының қозғалыс кестесінде көрініс тапты, - делінген комитет хабарламасында.
2020 жылдың он айында теміржол көлігі субъектілері қозғалыс қауіпсіздігін бұзудың 826 оқиғасына жол берді. Ол бойынша көліктік бақылау қызметкерлері 53 млн теңгеге жуық сомаға әкімшілік материалдар толтырды. Теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігінің жай-күйін талдау өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бұзушылықтардың өскенін көрсетті: 2019 жылы 808 бұзушылық тіркелді.
Қозғалыс қауіпсіздігі мәселелері ҚР ИИДМ Көлік комитетінің ерекше бақылауында екенін атап өту қажет.
Бақылау теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін, жылжымалы құрамның сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ санитарлық-карантиндік режимді ескере отырып, теміржол көлігінің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында жүргізіледі. Егер сіз теміржол көлігінде қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуына жол берілгеніне куә болсаңыз, бұл туралы ҚР ИИДМ Көлік комитетінің +7 7080880800 WhatsApp нөміріне хабарлаңыз, - деп қосты комитет өкілдері.