Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров еліміздің Үкімет басшысы Асқар Маминге Қарағанды облысындағы Балқаш мәселесін айтып, депутаттық сауал жолдады.
ERNUR.KZ. Оның айтуынша, көл кейінгі жылдары таязданып, деңгейі кем дегенде 1,5 метрге төмендеген, деп жазады exk.kz.
Трансшекаралық өзендер суының кеміп кетуінен зардап шегіп отырған табиғи су қоймаларының бірі — Балқаш көлі.
"Көлдің таяздануы көзге аса қатты көрінбегенімен, біртіндеп үлкен экологиялық проблемаға айналуы мүмкін. Мұны айдыны азаймастай көрінген Арал теңізінің қасіретті тарихынан жақсы білеміз", - деді Рысқали Әбдікеров.
Депутаттың айтуынша, көлге құйылатын судың 70 пайызы Іле өзенінен келеді. Ал бұл өзен Қытайдан бастау алатындықтан, еліміздегі Балқаштың жағдайы осы мемлекетке тікелей байланысты.
"Трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану бойынша Қазақстан мен Қытай арасында келісім бар. Алайда бұл келісімнің кей нормалары орындалмай жатады. Мұндай жағдай Балқаштың біртіндеп тартылуына әкелуі мүмкін. Мәселен, Іле өзенінің қалыпты жағдайдағы ағыны секундына 400-500 текше метр болуы керек. Бірақ қазір ол секундына 306 текше метрмен ағып жатыр", — дейді сенатор.
Оның айтуынша, Балқашқа қатысты кешенді зерттеу жұмыстары 14 жылдан бері жүргізілмей келеді. Сондықтан көлдің жыл сайын қаншаға таязданып бара жатқанын нақты айту қиын.