Елімізде енді мектеп пен балабақшалардағы күзетшілерге тексеріс жүргізіледі

0
126

Жаңа өзгерістер 27 наурызға дейін қоғам талқысына ұсынылған.


Елімізде енді мектеп пен балабақшалардағы күзетшілерге тексеріс жүргізіледі

Фото: Istock.com

ERNUR.KZ. Елімізде мектеп пен балабақшалардағы күзетшілерге тексеріс жүргізіледі. Оқу-ағарту министрлігі күзет қызметін жүзеге асыру үшін біліктілік талаптарын бекіту туралы бастаманы көтерді. Соған сәйкес енді балаларға қатысты қылмыс жасап, жазасын толық өтегендер оқу орындарына күзетші болып орналаса алмайды, деп жазады stan.kz.

Қазақстанда енді күзетшілер жаппай тексеріледі. Елімізде білім беру мекемелеріне қызмет көрсететін күзет агенттіктерінің жұмысына қатысты жаңа талаптар енгізілмек.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұдан былай балаларға қатысты әкімшілік немесе қылмыс жасап, жазасын өтеген азаматтар мектеп пен балабақшаларға күзетші болып жұмысқа кіре алмайды. Шенеуніктер пікірінше, кәмелетке толмағандарға буллинг жасап немесе ұрып-соғып, зорлық-зомбылық көрсеткер адамдар білім беру мекемелеріне жолатылмайды.

“Күзет агенттіктері білім беру мекемелерімен жұмыс істегісі келсе, бірнеше бақылаудан өтеді. Күзетшілер ішкі істер органдарының базасы арқылы тексерістен өтеді. Бізде мемлекеттік қызметке орналасқанда, жақындарымыздың арасында істі болғандардың бар-жоғына назар аударылады. Сол сияқты балаларға қатысты қандай да бір ұсақ қылмыс жасағандар мектепті күзете алмайды”, – деді оқу-ағарту министрлігінің басқарма басшысы Тимур Қастуғанов.

Жаңа талаптарға сәйкес күзет агенттіктерінің қызметтік қару ұстауға рұқсаты болуы тиіс. Сондай-ақ салығы толық өтелуі керек.

Бұған қоғам өкілдерінің пікірі әртүрлі. Бірі жеңіл қылмыс жасап жазасын өтегендерге екінші мүмкіндік беру керек дейді. Екіншілері жаңа бастаманы қолдайды.

“Әрине, балаларға қарсы қылмыс жасағандарды мектеп пен балабақшаға жұмысқа жіберуге болмайды. Бірақ басқа мекемелерді күзетуге жіберу керек. Ол адам түзелуі мүмкін. Ол адам жұмыс істеп, ақша табуы керек. Сол үшін кадр тапшылығы да туындауы мүмкін”, – деді күзет агенттігінің өкілі Виктор Теперев.

Жаңа өзгерістер 27 наурызға дейін қоғам талқысына ұсынылған.