Бүгінде Қазақстанда тауарлық газдың 1 мың текше метрі 33 169 теңге тұрады, ал бекітілген көтерме бағасы 23 646 теңге.
ERNUR.KZ. Елімізде газ бағасын кезең-кезеңінен көтеру жоспарланып отыр. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті, деп жазады inform.kz.
Энергетика министрінің мәлімдеуінше, бүгінде Қазақстанда тауарлық газдың 1 мың текше метрі 33 169 теңге тұрады, ал бекітілген көтерме бағасы 23 646 теңге.
«Газ саласына инвестициялар тарту және тауарлық газдың өзіндік құнына қол жеткізу мақсатында халық үшін бағаның күрт өсуіне жол бермеуді ескере отырып, газ бағасының кезең-кезеңімен көтеру талап етіледі», - деді Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысында.
Сондай-ақ, ведомство басшысы 1 шілдеден бастап ішкі нарықта тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасы қайта қаралып, орта есеппен 14,6%-ға ұлғайғанын айтты.
«Жалпы, 3 жылдың ішінде ішкі нарықта газды сатудың шығынсыз болуына қол жеткізу жоспарланып отыр. Бұл елдің газға қажеттілігін жабуға және еліміз үшін маңызды инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді», - дейді А.Сәтқалиев.
Айта кетсек, Үкімет басшысы Олжас Бектенов елімізде газбен қамтуға қатысты арыз-шағымның көптігін айтқан еді.