Бұл кәсіпорын Павлодар облысында орналасқан.
ERNUR.KZ. "Павлодар" арнайы экономикалық аймағы аумағында жұмысын бастаған өндіріс орны отандық нарықтың жартысынан астамын мұнай-химия өнімдерімен қамтымақ, деп жазады inbusiness.kz.
"Қазмұнайхим" ЖШС - Қазақстанда мұнай-химия өнімдерін толық циклмен өндіретін алғашқы зауыт. Мұнда жылына 30 мың тонна реагент пен қоспалар шығарылатын болады. Сол арқылы отандық мұнай өндіруші және өңдеуші кәсіпорындар сұранысының 60%-ын қамтиды. Сондай-ақ, қоспаларды ТМД, Еуропалық Одақ, Таяу Шығыс елдері мен АҚШ-қа жеткізу жоспарда бар.
Зауыт басшылығының мәлімдеуінше, жаңа жобаға 2,5 млрд теңге инвестиция салынды. Осы жылдың соңына қарай күрделі мұнай-химия өнімдерін өндіретін жоғары температуралы синтез қондырғысының құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде зауытта 30 тұрақты жұмыс құрылды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда "Павлодар" АЭА аумағында барлығы 18 кәсіпорын жұмыс істейді.