Елімізде отбасылық жанжал саны азайды

0
522

Бұл бағытта қоғам арасында айтарлықтай өзгерістер байқалып отыр.


Елімізде отбасылық жанжал саны азайды

ERNUR.KZ. Былтыр елімізде тұрмыстық жанжалдар бойынша полицияға келіп түскен шағымдар мен қоңыраулар саны 14,2%-ға азайды. Салада жасалған қылмыс саны 2%-ға төмендеді. Сәйкесінше құқық бұзушыларды жауапқа тарту 51%-ға артты, қамауға алу 2 есе өсті. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Профилактикалық қызмет басқармасы бастығының орынбасары Азамат Куримбаев ОКҚ брифингінде мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл бағытта қоғам арасында айтарлықтай өзгерістер байқалып отыр. Мәселен, зорлық-зомбылық құрбандары мұндай фактілер жайында ашық айтатын болды. Нәтижесінде ұзақ жылдар латенттік сипатта болған құбылыстар ақпарат көздеріне резонанс туғызатын тақырыпқа айналды.

«Отбасы институтының басты міндеті –салауатты ұрпақ тәрбиелеу, үлгі -өнеге көрсету, жақсы қасиетті жас ұрпақтың бойына сіңіру. Отбасында зорлық-зомбылықты көріп өскен ұл есейгенде агрессор, ал қыз бала өз отбасын құрғанда, құрбанға айналатынын психологтар дәлелдеп айтып келеді бізге. Дана халқымызда «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілесің» деген ұлағатты сөз бар. Осыған орай, әрбір ата-ана өз отбасының болашағына және бала тәрбиесіне зор жауапкершілікпен қарау қажет», – деді спикер.

Кәмелекетке толмағандардың денсаулығына жеңіл зиян келтіретіндер үшін жаза күшейтілді. Сотқа құқық бұзушыны уақытша үйден шығару құқығы берілді. Агрессорлар міндетті түрде психологиялық курстардан өтуі керек. 81 күдікті қамауға алынды. Сотқа 714 қылмыстық іс жолданды. Әрбір ақалалық және аудандық полиция бөлімшелеріне әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері ашылып, әйел тергеушілер қызмет атқарады.