Соңғы екі жылда электронды саудадағы шағымдар 290%-ға өскен.
Фото: Kazinform
ERNUR.KZ. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев елімізде электрондық сауда инфрақұрылымының даму барысы туралы айтып берді, деп жазады inform.kz.
- Электрондық сауда инфрақұрылымы дамып жатыр. Бүгінде меншікті инфрақұрылымы 100 мың шаршы метр болатын Teez жаңа қазақстандық маркетплейс іске қосылды, жақын арада 10 мың жұмыс орны құрылады. Бұл жобаға 50 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылды. Сондай-ақ, биыл Ozon және Wildberries маркетплейстер Астана және Алматы қалаларында инвестиция көлемі 101,3 миллиард теңге болатын жалпы ауданы 291 мың шаршы метр 3 орталық салу жоспарланып отыр, - деді Арман Шаққалиев Үкімет отырысында.
Министрдің мәлімдеуінше, трансшекаралық электрондық сауданы ынталандыру мақсатында былтыр Бішкекте Түркі мемлекеттерінің ұйымы шеңберінде үкіметаралық келісімге қол қойылды.
- Электрондық сауда саласында халықаралық құжаттарды әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Дүниежүзілік сауда ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық және Орталық Азия елдері арасында, - дейді ол.
Еске сала кетейік, соңғы екі жылда электронды саудадағы шағымдар 290%-ға өскен. Қазір Мәжіліс жаңа заң редакциясын қарап жатыр.