Республикалық байқауға барлық өңірден 17 полиция қызметкері қатысты.
ERNUR.KZ. Астанада Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған «Үздік маман» жол-патруль қызметкерлері байқауы қорытындыланды, деп жазады ҚазАқпарат.
Қоғамдық тәртіпті күзету және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ішкі істер органдарының басым міндеттерінің бірі. Бұл міндеттерді іске асыруда жергілікті полиция қызметі, соның ішінде жол-патруль полициясы саптық бөліністері үлкен рөл атқарады.
Аталған байқау осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Бұл жолы да қызықты, өзара бәсекелестік күрес негізінде өрбіді. Байқауда қызметкерлер өздері күнделікті жұмыс барысында тікелей қолданатын немесе қолдануы мүмкін 12 негізгі аталым бойынша бақ сынады. Бұл – нормативтік-құқықтық актілерді білуі, атыс қаруы және қызметтік әзірлік теориясы, атыс қаруы бойынша практикалық сынақ, дене дайындығы, күрестің әскери тәсілдері, саптық байқау, әкімшілік практика,алғашқы медициналық көмек көрсету практикасы, жоғары белсенді қозғалысы бар жол қиылыстарында қозғалысты қолмен реттеу практикасы, сондай-ақ көлікпен (жеңіл, жүк көлігі және мотоциклде) жылдамдыққа маневрлар жасау сияқты сынақтар.
Байқауды өткізу барысында барлық қатысушылар жоғары нәтиже көрсетті. Әйтсе де, байқаудың аты - байқау, онда жеңімпаздар мен жеңілгендердің болуы заңды. Сонымен, республикалық байқаудың қорытындысы бойынша жол-патруль полиция қызметкерлері арасында бірінші орынды Шығыс Қазақстан облысы ІІД ЖПҚ ЖПП батальоны қызметінің инспекторы, полиция лейтенанты Дастан Ошабаев иеленді, екінші орынға Астана қаласы ІІД ЖПП полкі қызметінің инспекторы, полиция лейтенанты Алдияр Жарылғасынов лайық деп танылды. Ал үшінші орынды Алматы қаласы ІІД ЖПП полкінің полицейі, аға сержант Бағдат Ашеков қанжығасына байлады.
Еске сала кетейік, республикалық байқау 24 қыркүйек күні басталған болатын. Оған барлық өңірден 17 полиция қызметкері қатысты.