Елордада 8-қабаттағы сәбиді құтқаруға қатысқан Сағи Жылқышиев төсбелгімен марапатталды

0
664

Марапаттау рәсімі бүгін Нұр-Сұлтан қалалық Төтенше жағдайлар департаментінде өтті.


Елордада 8-қабаттағы сәбиді құтқаруға қатысқан Сағи Жылқышиев төсбелгімен марапатталды

ERNUR.KZ. ҚР Төтенше жағдайлар министрі астанада терезеден салбырап тұрған сәбиді құтқаруға қатысқан Сағи Жылқышиевті төсбелгімен марапаттады, деп жазады ҚазАқпарат.

Марапаттау рәсімі бүгін Нұр-Сұлтан қалалық Төтенше жағдайлар департаментінде өтті. Сағи Жылқышиев 8-қабаттағы терезеден құлағалы тұрған балдырғанды құтқарған Сәбит Шонтақбаевқа көмек көрсеткен.

С. Жылқышиевке ерлігі үшін ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісі, алғыс хат пен қолсағат табысталды.

Еске салайық, 11 мамыр күні Сәбит досымен бірге таңертең жұмысқа бара жатқан кезде адамдардың шоғырланған тобын және 8-қабат деңгейінде айғайлап тұрған баланы көрген. Олар дереу подъезге жүгіріп кіріп, көршілер арқылы 7-қабатқа көтерілген. Сәбит пен Сағи құтқару шараларына бірден кіріскен. Себебі әрбір секунд маңызды болды. Сабит терезе арқылы сыртқа шыққан. Ал Сағи бір қолымен досының аяғын, екінші қолымен терезені ұстап тұрды.





«Біз айғайлаған дауыстарды естіп, ілініп тұрған баланы көрдік. Ойымыз тек баланы құтқару болды, ойланбастан жүгірдік», - деп атап өтті Сағи Жылқышиев.

Екі достың бірлескен күш-жігерімен санаулы минутта қыз аман-есен құтқарылды.

Бұл оқиғаның видеосы желіде кең таралып, ер азаматтардың батыл әрекетіне көпшілік тәнті болды. ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен алдымен, С.Шонтақбаев «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды, Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов оны жеке қабылдап, Локомотив зауытына жұмысқа орналастырылатынын айтты. Ал «G-парк» құрылыс компаниясы Сәбитке үш бөлмелі пәтер сыйға тартты.

Кейін көптеген қазақстандықтар мен қоғам белсенділері Сәбитке баланы құтқаруға көмектескен Сағиге де құрмет көрсетілуі керектігін айтты. Солайша, келесі күні Сағи Жылқышиевке GBG құрылыс компаниясы екі бөлмелі үй сыйлады. Ал бүгін ол министрдің марапатын қолға алды.