Елордада көпір салған құрылысшылар тағы да көтерілді

0
1 017

Аштық жариялаған құрылысшыларға бұған дейін жалақының бір бөлігі төленгенімен, жұмыс берушінің әлі де 5,5 млн теңге берешегі бар.


Елордада көпір салған құрылысшылар тағы да көтерілді

ERNUR.KZ. Елордада әуежай мен жаңа теміржол вокзалының арасын жалғайтын көпірді салып жатқан құрылысшылар тағы да бас көтерді. Тағы сол - жалақы мәселесімен. Іштерінде табан ақы, маңдай терімен тапқанын 9 айдан бері ала алмай жүргендері бар. Тамыз айында осылай басшыларына қарсы ереуілге шыққан соң, кейбіріне еңбегінің жартысын төлепті, деп хабарлайды astanatv.kz.

Көпірдің құрылысшылары бір айдың ішінде екінші рет көтеріліп отыр. Жалақыларын алмағанына 9 ай болған. Басшылық әлі күнге уәде етіп келеді. Жұмысшылар ақша түспейінше құрылыс нысанынан кетпейміз деді. Ал ақшаның түскенін өздері ғана күткісі жоқ.
Наразы жұмысшылар мердігер-компанияның директоры Тимур Накусовты да шақырды. "Телефон арқылы құрғақ уәде төккенше, қасымызға келіп жағдайды түсіндірсін" дейді.
«Мен әйеліме операция істетуім керек. Накусовқа уже 5-6 рет жаздым, вот обещает «завтра будет, завтра будет». Мектепке кетті балалар, қарыз алдық. Айлап жалақы ала алмай жүрген кейбірі құрылысты тастап кеткен. Бірақ бәрібір еңбегін даулап әлек. Ал енді бірі күдерін үзген жоқ. Күні бүгінге дейін жұмысқа шығып жүр», - деді құрылысшы Нұралы Алаяров.
Көпір салып жатқан құрылысшылардың бірі Ақберген Медетбеков жарты жылдан бері жалақысын ала алмай жүр.
«Алты айдан асып кетті еңбекақы ала алмай... Қанша қиналып жатырмын, жалғыз мен емес, осы жердегі жігіттердің бәрі. Қаңтардың қақаған аязында істеген. Енді ары-бері келіп жатыр 20 мыңға жолға, оның бәрі шығын. Ал бұл кісілерге бұл мәселені шешпесе өте ауыр», - дейді ол.
Жұмысшылардың тамыз айында да дәл осылай көтеріліп, аштық жариялаған. Сонда күн өтпестен құрылысшыларға жалақылары түскен еді. Бірақ толық емес. Олар қалған ақшасын талап етіп, бүгін де ереуілге шықты.
«Бұған дейін тізімі жіберілген жұмысшыларға жалақысы сол күні төленді. Жұмыс беруші еңбекақы бойынша 9 млн теңге берешегін қайтарды. Қазір 5 жарым млн теңге әлі қалып тұр», - деп түсіндірді Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік еңбек инспекторы Ерлан Исмағұлов.

Жағдайды естіген болар, жұмысшыларға Тимур Накусов телефон арқылы хабарласып, тез арада ақша аударатынын айтқан. Бұл сөзді күнде естіп жүрген жұмысшылар, елең ете қоймады.