Елордада студент жігіт 3 баланы өрттен құтқарды

0
1 030

21 жастағы Нұрсұлтан Ысмағұлов жанып жатқан үйден үш жеткіншекті алып шыққан.


Елордада студент жігіт 3 баланы өрттен құтқарды

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында көпқабатты үй өртеніп, 2-курс студенті үш баланы өрттен құтқарды, деп жазады ktk.kz.

Елорданың Бейбітшілік көшесіндегі көпқабатты үйден өрт шыққан болатын. Оқиға кезінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті Нұрсұлтан Ысмағұлов 3 баланы құтқарды.

«Жас жігіттің сөзіне құлақ түрсек, ол достарымен бірге саябақта серуендеп жүрген. Сынған терезенің даусы мен адамдардың айғайын естіген ол достарымен бірге оқиға орнына жетті. Олар келгенде терезеден ер адам көмекке шақырып, «4 баламды құтқарыңдаршы» деп айғайлап жатқан. 21 жастағы Нұрсұлтан еш ойланбастан үй жанындағы дүкеннің шатыры арқылы 2-қабатқа өрмелеп шығып, пәтердің терезесін сындырған. Осылайша ол үш жеткіншекті жанып жатқан үйден алып шықты. Отағасы мен тағы бір баланы сол сәтте келіп жеткен өрт сөндірушілер баспалдақ арқылы құтқарды» делінген хабарламада.

Нұрсұлтан Ысмағұлов - Қостанай облысы Арқалық қаласының тумасы. Еуразия ұлттық университеті ақпарат және технология факультетінің 2-курсында оқиды. Нұр-Сұлтан қалалық төтенше жағдайлар департаменті жас жігітке батылдығы мен өжеттігі үшін алғыс айтты. Департамент басшылығы батырды марапаттауды ұйғарып отыр.