Елорданың әуежай қауіпсіздік қызметі жолаушының қол жүгінен кірпіш тауып алды

0
467

Осы орайда елордалық әуежайдың әуе қауіпсіздігі қызметі багажды жинау барысында жолаушыларға барынша жауапкершілік танытып, қол жүгі мен багаж тасымалдауда тыйым салынған заттардың тізімімен алдын ала танысуға кеңес береді.


Елорданың әуежай қауіпсіздік қызметі жолаушының қол жүгінен кірпіш тауып алды

ERNUR.KZ. Елорда әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметінің инспекторлары жылдың басынан бастап жолаушыларды тексеру пунктерінде 6 мыңға жуық тыйым салынған зат анықтады, деп жазады baq.kz.

Тексеру барысында көзге ерекше түскен заттардың қатарында чемодандардың тұтқалары мен белдіктер, сонымен бірге аяқ киімдерде жасырылған кастеттер мен пышақтар болды. Ал, жолаушылардың бірінің қол жүгінде, тіпті, құрылысқа арналған кірпіштер табылған.

«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ баспасөз қызметі қазақстандықтарға қол жүгінде қандай заттарды алып жүруге болмайтыны туралы және ұшақтың бортына неге шашқа арналған лак, гель және қырынуға арналған көбік сынды қауіпті емес заттарды алып кіруге жол берілмейтінін айтып берді.

Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сыйымдылығы 100 мл-ден асатын контейнерлердегі кез келген сұйықтықты (су, сусындар, қырынуға арналған көбік және т.б.), әсіресе белгісіз құрамдағы заттар мен сұйықтықтарды (зауыттық қаптамасыз, техникалық паспортсыз және сертификатсыз) қол жүгімен тасымалдауға тыйым салынады. Айта кеткен жөн, бұл астаналық әуежайдың ойлап тапқан ережелері емес, әлемдік авиациялық тәжірибеден алынған жағдайларға негізделген қауіпсіздік стандарты болып табылады.

«Авиация тарихында лаңкестердің қарапайым пышақ немесе ұстараның көмегімен әуе кемелерін кепілге алу, ұрлау немесе жою жағдайлары орын алған. Кейбір шабуылдар, тіпті, сұйық жарылғыш заттардың көмегімен де жүзеге асырылған. Сондықтан жолаушылар аталған ережелерге түсіністік танытады деген сенімдеміз», ­­- деп атап өтті әуе айлағын тексеру қызметінің басшысы Ғабит Сүлеев.

Айта кетерлігі, белгілі бір заттар адамның кінәсінен емес, материалдардың физика-химиялық қасиеттеріне байланысты қауіп төндіруі мүмкін. Мәселен, жоғары биіктікте қысымның төмендеуіне байланысты газы бар сұйықтықтармен толтырылған контейнерлер жарылуы мүмкін.

Егер дәрігердің нұсқаулығы болса, дәрі-дәрмектерді, балалар тағамдарын және арнайы диеталық қажеттіліктерді қол жүгінде тасымалдауға болады. Алайда, ұшу кезінде қажет мөлшерде ғана алу керек.

Қол жүгімен тасымалдауға рұқсат етілмеген кейбір заттарды тіркеуден өткен багажда алып жүруге болады. Атап айтқанда, 100 мл-ден астам сұйықтықтар, аэрозольдер және гельдер (су, сусындар, сусабындар, қырыну көбіктері және т.б.), сондай-ақ жұмыс құралдары.

Егер орын алдын ала брондалмаса немесе авиакомпаниядан ұшуға қатысты растау алынбаса, жолаушыларға үй жануарларын тасымалдауға тыйым салынуы мүмкін. Сонымен қатар жануарларды тасымалдайтын жолаушылардың қолында ветеринарлық сертификат және халықаралық ветеринарлық паспорт болуы шарт.

Әуежай өкілдері сонымен қатар «Жолаушылардан тәркіленген заттар қайда кетеді және оларды қайтарып алуға бола ма?» деген көпшілікті толғандыратын сұрақтарға жауап береді.

Аталған жағдай орын алса, жолаушылардың назарына бірнеше нұсқа ұсынылады: заттарды шығарып салушы адамға беру; егер рұқсат етілсе, заттарды багажға тапсыру; 30 тәулік мерзімге сақтауға беру хаттамасын толтыру. Егер бірде-бір нұсқа жолаушының талабына сәйкес келмесе, жолаушыларға арнайы қызмет көрсететін компания затты кәдеге жарату туралы шарт жасасуды ұсынады.

Осы орайда елордалық әуежайдың әуе қауіпсіздігі қызметі багажды жинау барысында жолаушыларға барынша жауапкершілік танытып, қол жүгі мен багаж тасымалдауда тыйым салынған заттардың тізімімен алдын ала танысуға кеңес береді.

Атап айтқанда:

- жарылғыш құрылғылар мен заттар;

- тез тұтанатын сұйықтықтар мен заттар, оның ішінде ацетон, құрамында 70%-тен астам алкоголі бар сусындар;

- тұтанғыш қатты заттар;

– атыс қаруының барлық түрі, сигналдық зымыран тасығыштар, тапаншалар, шок және электрмен зақымдау құрылғылары, рогаткалар, сондай-ақ оларға ұқсас барлық көшірме мен заттар, оның ішінде ойыншықтар түріндегі;

– атыс және газ қаруына арналған оқ-дәрілер, оның ішінде жауынгерлік, жарық-дыбыстық, травматикалық әрекетті патрондар;

- пышақ, үшкір заттар, сондай-ақ оларға ұқсас заттар;

- сұйытылған газдар, оның ішінде тұрмыстық пайдалануға арналған газдар, аэрозольдердің барлық түрі;

- радиоактивті және есірткі заттары;

- улы заттар, жұқпалы немесе биологиялық қауіпті материалдар.